Қарағанды облысының Шахтинск қаласында көмір өндірісіндегі еңбек өтілі 150 жылдан асып кеткен кеншілер әулеті тұрады.

Бұл құрыштай мықты білек күші мен темірдей төзімді қажет ететін ауыр жұмыс. Сондықтан оған кез келген адам бара бермейді. Ал Сергей Чернобайдың отбасы кенші қайласын бек ұстап, ауыр еңбекті абыроймен атқарып жүр. Бүгінде өзі, әйелі және екі ұлы көмір шахтасында жұмыс істейді.

Сергей Чернобай 40 жыл бойы көмір шахтасында еңбек етіп келеді. Қазір ол конвейер учаскесінің бастығы. Осы жерден қара алтын жер бетіне үздіксіз шығарылады.

Сергей Чернобай, конвейер учаскесінің бастығы:

- Әскерден келген соң шахтаға жұмысқа орналастым. "Шахтинск" кенішіне 1985 жылы монтаждаушы болып келдім. Әкем мен шешем де кеншілер. Олар Ленин атындағы шахтада еңбек етті.

Кеншінің жұбайы Наталья Чернобай да 20 жылдан бері шахтада еңбек етеді. Ол жүк көтергіш техниканың машинисі. 350 метр тереңдіктен көмірді жоғары көтереді.

Наталья Чернобай, жүк көтергіш техниканың машинисі:

- Көмірді жоғарыға тасып, вагондарға тиеп береміз. Бұл техниканы басқару оңай емес. Тетіктерді дер кезінде басып, жүкті уақытылы қабылдауың қажет. Қауіпсіздікті басты орынға қоямыз.

Чернобай әулетінің көмір өндірісіндегі жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асып кеткен. Сергей мен Натльяның екі ұлы да ата-анасының жолын қуған. Қазір үлкені Станислав шахтада тау-кен шебері.

Станислав Чернобай, тау-кен шебері:

- Мен шахтерлер әулетінен екеніме мақтанамын. Бұл мамандық тек физикалық шыдамдылықты ғана емес, мықты мінезді де талап етеді. Аға буын өкілдерінің сөзін тыңдап, білмегеніңді үйренуің керек.

Ал Юрий конвейер учаскесінде еңбек етіп жүр. Кенші болу бала күнгі арманым еді, дейді ол.

Юрий Чернобай, конвейер учаскесі бастығының көмекшісі:

- Әке-шешем осы салада көп жыл адал еңбек етіп келеді. Олар бізді еңбекке баулып, жұмысты адал атқаруға тәрбиеледі. Үлкендер салған сара жолды бұзбай, жауапкершілікпен жұмыс істеп жүрміз.

Бүгінде Сергей мен Наталья Чернобайдың екі ұлдан алты 6 немересі бар. Олар да кенші мамандығын таңдаса қарсылық білдірмейміз дейді үлкендер. Себебі еңбекті бағалап, жұмысшы қауіпсіздігін жақсартуды, өндіріске цифрлық технологияны енгізуді Мемлекет басшысының өзі тапсырып отыр. Шахтадағы осындай оң өзгерістерді көзімен көріп жүрген еңбек адамдары болашаққа сеніммен қарайды.

Сергей Чернобай, конвейер учаскесінің бастығы:

- Автобустар, өзге де техника жаңартылды. Еңбек қауіпсіздігіне көңіл бөлініп жатыр. Рациялар берілді. Мұның барлығы жұмыс жағдайын, өндіріс қауіпсіздігін жақсартады. 13-жалақыны да берді, бұрын ол мүлде болмаған. Кейінгі жасалған ұжымдық келісім-шартта жұмысшылар мүддесі жақсы ескерілген. Шахтадағы осындай оң өзгерістерді көріп жастар да жұмысқа келіп жатыр.

Қарағандыдағы 8 көмір шахтасында радиобайланыс және позициялау жүйесі енгізіліп жатыр. Ол шахтада цифрлық «қорғаныс» ретінде жұмыс істейді. Төтенше жағдай туындаған кезде жүйе көмегімен учаскені тез анықтап, құтқару қызметін жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кеніштерде жүк көтергіш машиналар да автоматты жүйемен жабдықталады. Бұл-жер бетіне көмір таситын техниканы басқаруды жеңілдетіп, өндірістің үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді. Өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, техникалар автоматтандырылуының арқасында шахтер мамандығы тек еңбек әулеті өкілдерінің ғана емес, жоғары оқу орындары түлектерінің де қызығушылығын арттыра түсті. Болашағын тау-кен саласымен байланыстырғысы келетін жастар көбейген.

Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит