Біз әкемізді көке деп атап өстік. Көкем Байдалы топқа кіріп, сөз ұстаған кісі болмаса да арғы-бергі жақтан хабары мол жан еді. Еңбекпен жетілген, шаруасына мығым әкем сөйлегенде тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді, түрлі нақылдарды кеңінен әрі орнымен қолданатын. Жарықтықтан бұрын-соңды құлағым шалмаған, кітаптардан кездестірмеген талай мақал-мәтелді естіп қалатынмын... Қазақ арасында жиі айтылатын, арғы астарында не жатқаны белгісіз бірсыпыра сөзді тәпсірлеп, зерделеп айтқандары жадымда мықтап сақталып қалғаны бар. Солардың бірі – «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деген сөз.

Созақ ауданындағы бұрынғы Ф.Энгельс атындағы кеңшардың (Қазіргі Қарақұр ауылдық округі) қойын бағамыз. Қыстауымыз – Жиектің бойындағы Талды құдық. Жаңылыспасам, 1987 жылдың қаңтары. Мектептен қысқы демалысқа шыққанбыз. Кешкі апақ-сапақ кез. Отарды қораға қамап, енді үйге кіре бергенімізде қай тұстан келгенін де аңғармай қалдық, жаяу жалпылаған төрт жігіт «ассалаумағалейкумін» айтып есік алдында пайда бола кеткені. Жапырласа амандастық. Бәрі жас жігіттер. Шаршаңқы. Әкем: «аспаннан салбырап түскеннен саумысыңдар өзі...» деп жай жапсарын сұрады. Бұлар көрші Созақ кеңшарының жігіттері екен. Отын алуға келіп, қайтар жолда тракторлары біздің қыстаудан бес-алты шақырым жерде бұзылып қалыпты. Содан біздікіне қонуға келген.

Үйге кім келсе де бір туыстық не жегжаттық байланысы болмай қоймайтынын білетін шешем Ділдаш өзімізге арнап пісіріліп жатқан асты Құдайы қонақтарға ұсынудан ыңғайсызданып, жаңадан қазан көтерді. Сұраса келе, үшеуінің әке-шешелерін көкем танитын болып шықты: алыстау болса да жегжаттықтары бар.

Апам «қазір шай іше тұрыңдар, жас ет әп-сәтте пісіп қалады» деді. Қонақтар дастарқан басына жайғасты. Біздер, балалар үйге күтпеген жерден қонақ келгеніне мәзбіз. Мұның басты себебі дастарқанға тәтті-пәтті мол қойылады, одан ауыз тиюге де мүмкіндік болады.

Шаршаған, қарындары әбден ашқан, аздап аяз сорған жігіттер ет піскенше таба нанға дәмі тіл үйірер сары майды қалыңдата жағып жеп, ыстық шайдан сораптап ішіп бір жырғады. Бір кезде жігіттер тоқмейілсіңкірегендей болғанда көкем өзіне бейтаныс, төменірек отырған төртінші жігіттен жөн сұрады. Ол әкемнің сауалына орай өзінің есімін, руын, Созаққа тұрмысқа шыққан әпкесіне Түркістаннан қонаққа келген құда бала екенін жеткізді.

– Ойбуу, ұят болыпты ғой... Найман болсаң, құдасың... Сен төрге шық, мына үш серігің де қоңырат, келіп отырған үйің де қоңыраттікі. Сондықтан сен төмен отырмауың керек, ұят болады, қай қазақты көріп едің құданы есік жаққа отырғызып, өздері жоғары жайғасатын. Ә дегеннен жөн сұрап мазаларыңды алмайын, алдымен асқазандарын жұбатсын дедім, әйтпесе... Найман екеніңді білгенде басында төрге шығаратын едім, – деді көкем. Найман жігіт төрге жайғасты.

Сол кезде бір жігіт әкеме қарап:

– Тәте, түсінбей қалдық қой, қай жағынан құда болдыңыздар? – деді.

– Қай жағынан дерің бар ма, қазақтың барлық руы бір-бірімен құда-жегжат, нағашылы-жиенді. Өзара құрмет көрсету үшін бас құда не бауыздау құда, жақын жегжат, туған нағашылы-жиенді болуы шарт емес, шырағым. Әйтеуір, бір найманмен құда шығар мына қалың қоңырат, – деді.

Сұрақ қоюшы жігіт көкемнің айтқанын бас изеп қостады да іле руы найман жігітке әзілдегенсіп, қалжыңдап; «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деген осы. Міне, айдалада қаңғып келе жатып өйтіп-бүйтіп құдаңды тауып алып, төрге қонжия кеттің, – деді. Бұл сөзге көкемнен басқаларының бәрі ду ете күлді. Мен де жыртың ете қалдым. Найман жігіт те жолдасының сөзін әзіл ретінде қабылдап, күлген болды.

Әкемнің күлкіге қосыла қоймағаны әлгі әзілдің ары қарай ұшталуына мүмкіндік бермеді. Дастарқан басы тыныштала қалды. Көкем алдындағы пиялаға көзін қадай отырып сөз бастады.

– Иә, солай деңдер... Жалпы, қазақ арасында бір рудың кісілері екінші бір руды қағытып, әзілмен түйреуде, кекетіп, кемсітуде қолданатын, өзегінде өзіндік мәністі шындығы мен бұра тартар өтірігі аралас сөз көп қой. Әзілге түйрелген, қағытылып, кемсітілген тарап бұл сөздерді кеуіліне қатты алмай, қалжың деп қабылдаса да оған іштей намыстанып қалатыны бар, – деді көкем алдындағы шайдан бір ұрттап, – Сондай мәнердегі сөздердің ішіндегі «Найман қу ма, сайтан қу ма?» дегенді өз басым әзіл, қағытпа, кекетпе сөз деп қабылдамаймын. Мұны естігенде күлмеймін. Оның себебі бар... Біздің білетініміз – өзіміздің алдыңғылардан естігендеріміз. Бізден алдыңғылар да өздерінен бұрынғылардан ұққандарын жеткізушілер ғой. Сондықтан көз көрген үлкендерден естігенімді айтайын. «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деген қазақ арасынан шыққан сөз емес дейтін ақсақалдарымыз. Олардың айтуынша, бұл қазақтың қас жауларының күйінгенінен, құса болғанынан шыққан сөз. Оның астарында қазақтың, оның ішінде найман жұртының ерлігі мен өрлігінің, қайсарлығы мен әбжілдігінің, жауға деген қаталдығының баяны жатыр. Қазақтың арғы тегі дейміз бе, бұрынғы атауы дейміз бе, түрік қой. Сол түріктің бір бұтағы найманыңның тарихы тереңде, шыңырауда. Ол жағына түсіп сөз қозғауға біздің шамамыз жоқ. Бірақ бір білетініміз, сол найманның бүгінгі қазақтың, кешегі түріктің қиын кезде көшін бастағаны, дұшпан оғына қаймықпай жалаң төсін тосқаны, жұртымыздың қалқаны, сілтенген найзасы, сермелген семсері, атылған жебесі болғаны. Қош делік. Міне, сол жаужүрек наймандар қазақтың қай тарапынан жау кірсе сол жерден табылып, алдыңғы шепте болған. Батыс де, шығыс де, оңтүстік те, солтүстік те, қай тұстан жау кірсе де найманның аламандары жау қайдалап шыққан. Ал сол анталаған жауың мысықтабандап бір сайдан шыға бергенде төбесінен әңгір таяқ ойнатып, күтпеген жерден қақ маңдайдан найманның шоқпары тисе немесе арынды дұшпан бір қырдан асып келіп сайда отырған елді тарпа бас саламыз деп дәмеленіп, еліріп келе жатқанда дәл астынан ойламаған жерден найманның найзасы кіндігіне қадалып, семсері тамағын орып жіберсе, тірі қалғаны «Мыналар адам ба, сайтан ба?» деп жыларман болмағанда қайтпек? Батыста да, шығыста да, оңтүстікте де, солтүстікте де жаудың найманнан көргені осы болса, «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деп, табиғатында мойындаудан өзге ештеңе жоқ ұмытылмас осы сөзді дұшпан айтпағанда кім айтады? Міне, шырақтарым, «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деген сөздің шығу тегі, мәнісі осы. Бұл жүре келе жеңіл-желпі, жетесіз әзіл сөзге айналып кетті. Неге дейсің бе? Неге дерің бар ма? Бұл тарихтан, кешегі бабалар ерлігінен хабарсыздықтан. Өткен-кеткенді білмеу санаңды салмақсыздандырады, асылыңды әжуа еткізеді, тұлғаңнан теріс айналдырады, ерлігіңді ездік санатады, шындығыңды жалғанға шығарады. Айналып келгенде өзіңе өзің күлесің, өзіңді өзің мазақтайсың, әлгі «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деп жыртыңдаған сияқты. Сондықтан, біздің ақсақалдарымыз бұл сөзді лажы болса айтқызбайтын, айтқанды тыйып тастайтын. Ерлік күлкіге айналмауы тиіс дейтін шығар. Әруақ сыйлағандық қой бұл.

Бір кезде ет әкелінді. Руы найман жігіттің алдына семіз қойдың жамбасы тартылды. Сол түні кеш жаттық.

Көкемнің «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деген сөз туралы осы айтқандарын кейін де екі-үш рет өзінен қайта тыңдадым. Алдыңғысы мен кейінгілерінің мазмұнында ешқандай айырмашылық болмады. Содан осы естелікті қағазға түсірдім.

Кейін әке сөзінің дұрыстығы кеудемде нығарлана түсті. Соғыста сәтті маневр, тактика қолданып, қулық жасап, күші басым жауды жеңіп кету негізінен наймандарға тән болған. Мұның бір мысалы ретінде Абылай ханның ғана емес бүкіл қазақтың Дарабозы атанған Қабанбай батырдың соғыс тәсілдерінен көрсек те болады. Ол мықты қорғаныстағы жаудың осал жерін тауып, айласын асырып, аз күшпен, аз шығынмен жеңіп кетіп отырған. Содан да ол Дарабоз атанған. Оның сыртында қазақтар, жалпы түркі халықтары өзінен күші басым жауды алыстан қорқыту, үркіту, қаймықтыру, шошыту айлаларын кеңінен қолданған. Мысалы, түнде әр сарбазға бес-алты жерге от жаққызған. Содан, түнде алыстан қараған жау «мыналар масқара көп екен ғой» деп рухы түсіп, қорқып шегініп, қашып кеткен оқиғалар да болған деседі үлкендер. Сондай-ақ шабуылдың алдында алыстан көз қылып, көз анық жете бермейтін қашықтан жердің шаңын аспанға көтертіп үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдап өтіп немесе малдың үстіне жасанды сарбаздар «отырғызып» қойып, сандарын көп қылып көрсету қулығын қолданып, яғни «Көз алдау» тәсілімен жауды қаймықтырып, ықтырып, жеңіп кеткен кездер де болған. Бұл тәсілдерді наймандар барынша тиімді жүзеге асырған. Осы амалдардан кейін «Найман қу ма, сайтан қу ма?» деген сөз қалай шықпасын. Сол себептен мұны келеке сөз деп емес, түп-төркінін түсініп, дұрыс мағынада қабылдаған жөн.

Қорыта айтқанда, «Найман қу ма, сайтан қу ма?» – өрліктің баяны, ерлікке толы тарих, қазақтың жауларының наймандардан көрген қорлығын көз жасын төге отырып зарлаған дауысы, бұл дұшпандарымыздың наймандардан тартқан азабын айтқан мәңгілік жыры, сіз бен біз ойлағандай тіршіліктегі пендешіліктің, қулық-сұмдықтың «жыртыңдаған кейпін» білдіретін сөз емес.