Ақмола облысындағы Жақсы мен Державинск арасындағы тасжол жөнделіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр тек 12 шақырымына асфальт төселген еді. Биыл тағы он шақырымнан астамы жаңғыртылады. Жарқайың ауданының тұрғындары біраз жылдан бері жол азабын тартып отыр. Әсіресе, екі ортадағы 40 шақырымы шұрық-тесік. Жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген жол мәселесі биыл шешімін табады.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Жол азабын жүрген білер. Жарқайың ауданының тұрғындары жарты ғасырға жуық осы азапты тартып отыр. Тіпті соңғы уақытта облыс орталығына қатынаудың өзі қиындап кеткенін айтады. Жергілікті тұрғындар тақтайдан тегіс жолдан да үмітін үзген. «Тым болмаса, шұрық-тесік жолдарды қиыршықтаспен жамап берсе екен», - дейді.

Айтқали Қарин, Далабай ауылының тұрғыны:

- Өте қиын. Көлікке де сор, адам баласына да сор. Жасыратыны жоқ. Міне, қиналып келеміз. Мына жерде жарты сағат қана жүретін жол. 40 минуттан артық жүріп келемін. Әлі жеткен жоқпын.

Иә, тоз-тозы жеткен жолда жеңіл көлік тұрмақ, жүк көліктерінің өзі әрең қатынайды.

Виктор Кузерев, көлік жүргізуші:

- Мына жолдың сау-тамтығы қалмады. Әзер жүреміз. Көлігімізде жиі сынады.

Жақсы – Державинск бағытындағы жолдың жалпы ұзындығы 140 шақырым. Соның 40 шақырымы жаңартылмақ. Жөндеу жұмыстары былтыр басталып, 12 шақырымына асфальт төселді.

Владимир Кулаков, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Биыл аталмыш жобаны жалғастыру мақсатында облыстық қазынадан 1 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Оған шамамен 13 шақырым жолды жаңартамыз.

Тілекқабыл Өтешов, мердігер мекеменің маманы:

- Біз жұмысқа мамыр айының басында кірістік. Осы уақытқа дейін 5 шақымға қиыршықтас төселді. Асфальт енді салынады. Қазір бұл жұмысқа 6 техника мен 16 адам жұмылдырылған.

Сапалы салынған жол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан жауаптылар жолдың сапасын қатаң бақылауға алды.

Евгений Решетняк, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалының инженері:

- Қазір жол-құрылыс материалдарынан сынама алынып жатыр. Кейін ол арнайы зертханаларда зерттеледі. Айталық, былтыр осы жол учаскесінде бірнеше ақау анықталып, мердігерге ескерту берілді. Бірақ ол олқылықтар әлі жойылмады.

Жалпы облыс бойынша жөндеуді қажет ететін бірнеше жол бар. Сала мамандары ол жолдарды жыл санап жаңартып жатқанын айтады. Мәселен, биыл өңірде 500 шақырымға жуық жол жөнделіп жатыр. Оған республикалық және облыстық қазынадан 60 млрд теңге бөлінді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренка