Алматы қаласының жаңа әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды. Оның кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттары мақұлдап, президент тиісті жарлыққа қол қойды. Оңтүстік астананың жаңа әкім туралы не белгілі, оны KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыз.

Ақорданың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Дархан Сатыбалды 1974 жылы 26 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

1996 жылы С.С. Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылық институтын, 2003 жылы Қазақ гуманитарлық заң академиясын бітірген.

Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданының Келес кеңшары бөлімшесінің жұмысшысы ретінде бастаған.

1996-1999 жылдары түрлі мекемелерде аға экономист, бас бухгалтер болып еңбек еткен.

2000-2002 жылдары – Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитетінің Мемлекеттік мекемелердегі бюджеттік рәсімдердің орындалуын бақылау басқармасында жетекші бақылаушы-ревизор, бас бақылаушы-ревизор;

2002-2006 жылдары – Қазақстан президенті Іс басқармасының Қаржы-экономикалық бөлімі экономикалық талдау және бақылау секторының референті, консультанты, бас сарапшысы, Бюджеттік жоспарлау және қаржылық бақылау бөлімі мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру секторының меңгерушісі;

2006 жылдың тамыз айынан бастап Астана қаласы тұрғын үй департаментінің "Жылу" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы;

2007 жылы қаңтар-мамыр айлары аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің сот орындаушысы;

2007-2010 жылдары – Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік департаменті директорының орынбасары, Ғылым комитеті төрағасының орынбасары;

2010 — 2011 жылдары – Ұлттық қауіпсіздік комитетінде департамент бастығы;

2011-2013 жылдары – Премьер-министр кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары;

2013-2015 жылдары – Шымкент қаласының әкімі;

2015-2017 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.

2018-2019 жылдары парламент сенатының депутаты ретінде заң шығару ісіне атсалысқан.

2019-2022 жылдары – Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болған.

2022-2025 жылдары – Түркістан облысының әкімі болып қызмет еткен.

2025 жылы 6 қаңтарда мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған.

I сыныпты төтенше және өкiлеттi уәкiл дипломатиялық дәрежесі бар.

"Құрмет", "Парасат" ордендерімен, Қазақстан президентінің Алғыс хатымен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.

Айта кетейік, Дархан Сатыбалды Алматы қаласын 2022 жылғы қаңтардан бері басқарған Ерболат Досаевты алмастырды. Досаев бүгін президент жарлығымен қызметінен босатылды.