Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен IMEX көрмесінде Алматының іскерлік туризмдегі мүмкіндігі паш етілді, деп хабарлайды 24kz.
Алатаудағы алып шаһар халықаралық форумдар мен кездесулер өткізуге қолайлы алаң ретінде ұсынылды. Мазмұнды іс-шараға әрісі Африка, Америка, Еуропа мен берісі Азия құрлығынан 3 мыңнан астам қатысушы жиналды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- IMEX Frankfurt – іскерлік туризм саласындағы жетекші жаһандық алаң. Биылғы ауқымды көрмеде қонақ үй иелері мен инвесторлардан бастап саланың беделді өкілдері бас қосты. Олардың қатарында Алматы шаһарын халықаралық іс-шара өткізуге қолайлы алаң ретінде дәріптеп жүрген отандық туроператорлар да бар. Көрмеге келушілер алдымен алып шаһар туралы бейнематериалды тамашалап, Алматының апорт алмасынан дәм татты. Бұдан соң қонақжай қазақ елінде ірі халықаралық конференция мен бизнес-форумдар ұйымдастыру мүмкіндігі туралы мағлұматтармен танысты.
Арай Ғалиханова, «Almaty Tourism Bureau» көрмелер бойынша бас менеджері:
- Алматы туризм бюросы Алматы қаласын еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан заманауи бағыттың бірі ретінде таныстырды. Биыл көрмеге 4 туроператор қатысты. Бұл шараның басты артықшылығы – қаланың іскерлік мақсаттағы мүмкіндіктерін көрсету. Қала туристке не ұсына алады? Бұл шаһарға қызығушылық жоғары. Көбі келіп, қай қала екен деп қызығушылық танытып жатады. Алматы – халықаралық туризм нарығындағы ең тамаша алаң. Өкінішке қарай көпшілік әлі біле бермейді.
Алматы жайлы қонақ үйлері мен көлік инфрақұрылымын, заманауи конгресс-алаңы және сапалы қызмет көрсету жүйесін ұсына алады. Бұл қаланы форум, конференция, іскерлік кездесулер өткізу үшін тартымды орынға айналдырады. Сарапшылар мегаполистің аймақтағы іскерлік туризмнің жетекші хабына айналуға әлеуеті жеткілікті екенін айтады. Халықаралық нарықтың қызығушылығы да соны айғақтап отыр.
Иво Джей Франшитц, бизнес-ивенттер компаниясының негізін қалаушы (Австрия):
- Еуропада іскерлік іс-шараларды өткізуге арналған жаңа орындарға сұраныс жоғары. Қазақстан бұл тұрғыда тиімді нұсқа. Мен бұл елде бірнеше рет іссапармен болдым. Маған, әсіресе, Астана мен Алматы қатты ұнады. Бұл қалаларда іскерлік туризм саласын дамытуға мүмкіндік жоғары. Біз Қазақстанда бірнеше оқу воркшоптарын өткіздік және ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз.
Абдулла Аляди, туркомпания өкілі (Кувейт):
- Қазақстан – тамаша ел. Біз қазақстандық компаниялармен әріптестік орнатуға мүдделіміз. Келіссөздер жүргізу үшін жақын күндері сонда барамыз деп жоспарлап отырмыз. Компаниямыз топтық турларды ұйымдастыруға маманданған. Сондай-ақ әлемнің әр түкпірінде жұмыс істейді. Ынтымақтастығымыз тараптар үшін тиімді болады деп сенемін.
Қазақстан үшін көрме ойдағыдай өтті. Біздің делегация әлеуеті жоғары әріптестермен ондаған кездесу өткізді. Барселонада өтетін келесі туризм көрмесінде де еліміз өзінің іскерлік әлеуетін таныстыруға мүдделі.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Шолпан Найманбаева