2024-2025 оқу жылында Атырау облысының мектептерінде 152 мыңнан аса бала білім алды. Биыл 7378 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Оның 222-сі «Алтын белгіден», 353-і «Үздік аттестаттан» үмітті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, осы оқу жылында облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиядан 58 оқушы түлеп ұшты.

Биылғы оқу жылында өңірде пайдалануға берілген 6 білім ордасының үшеуі – жайлы мектеп. Қазіргі уақытта 15 мектеп бой көтеруде. Оның алтауы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тиесілі. 2024-2025 оқу жылында 12 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс апатты жағдайдағы және үш ауысыммен жұмыс істейтін мектеп мәселесін шешуге оң ықпал етіп отыр.

Оқушылардың халықаралық стандарттарға сай, материалдық-техникалық базасы жетік, қолайлы ортада білім алуы облыстағы білім сапасының артуына өз септігін тигізетіні белгілі. Осы оқу жылында 100-ден астам оқушы республикалық олимпиада мен ғылыми жоба байқауларында топ жарды. 9-11 сынып оқушыларының республикалық пәндік олимпиадасында Атырау қоржынына түскен 27 медаль — биылғы оқу жылының жарқын жаңалығы, — делінген мәліметте.