Екі елдің кезекті келссіөзі Римде өтті. Келіссөзге қатысушылар кездесудің жұмыс сипатын атап өтіп, даулы мәселелерді одан әрі талқылауға дайын екенін жеткізді, дегенмен тақырыпқа нүкте қойылмады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Римде Иран мен АҚШ-тың ядролық бағдарлама және санкцияларды жою жөніндегі келіссөзінің бесінші раунды аяқталды. Кездесу, алдыңғы раундтар сияқты Оманның делдалдығымен өтті және қатысушылардың айтуынша, тыныш және кәсіби жағдайда өтті. Алайда түпкілікті келісімге қол жеткізілген жоқ.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен АҚШ президентінің Таяу Шығыс бойынша арнайы елшісі Стив Уиткофф қатысқан келіссөз Оман Сыртқы істер министрі Саид Бадр әл-Бусаидидің қатысуымен жабық форматта өтті.

Иран СІМ баспасөз хатшысы Исмаил Багаидің мәлімдеуінше, бесінші раунд кәсіби, сабырлы және оңтайлы жағдайда өтті. Ол толық ақпарат кейінірек берілетінін қосып айтты.

Иран делегациясының құрамында сондай-ақ Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи, министрдің халықаралық және құқықтық істер жөніндегі орынбасары Казем Гарибабади және басқа да дипломаттар мен сарапшылар болды.

Римге кетер алдында Аракчи X әлеуметтік желісінде келіссөздің негізгі тезисін жариялады:

"Мәмілеге апаратын жол – жоғары математика емес: Ядролық қару жоқ = бізде мәміле БАР. Нөлдік байыту = бізде мәміле ЖОҚ. Шешім қабылдау уақыты келді", деп жазды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Оман Сыртқы істер министрі Саид Бадр әл-Бусаиди бесінші раундтың белгілі бір ілгерілеушілікпен аяқталғанын, бірақ түпкілікті ілгерілеу емес екенін мәлімдеді.

"Бүгін Римде Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздің бесінші раунды біршама, бірақ нақты емес ілгерілеумен аяқталды. Тұрақты және лайықты келісімге қол жеткізу үшін алдағы күндері қалған мәселелерді нақтылаймыз деп үміттенеміз", деп жазды министр Х әлеуметтік желісінде.