Ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs жер-жаһандағы мұнай қоры күрт азайғанын айтып, дабыл қақты.


Қазір Ормуз бұғазы арқылы жеткізілетін мұнай көлемі шектеулі саналатындықтан, оның сарқылуы тіпті алаңдатады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Турасын айтқанда, қоймалардағы мұнайдың жалпы әлемдік қоры тек 101 күндік тұтынуға жететіні жайлы дерек бар. Аталған көрсеткіш мамыр айының соңына қарай 98 күнге дейін төмендеуі ықтимал.

Банктің бағалауынша, мұнай өнімдерінің әлемдік қоры АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына дейінгі 50 млн доллардан қазіргі күні 45 млн долларға дейін қысқарды.

Goldman Sachs дерегінше, жалпы әлемдік қор осы жазда ең төменгі операциялық деңгейге жетуі екіталай, бірақ кейбір аймақтарда және кейбір өнімдер бойынша мұнай қорының азаюы мен жеткізілім шығындары алаңдаушылық тудырып отыр.

S&P талдаушылары сұраныстың төмендеуіне қарамастан сәуір айында мұнай қоры тәулігіне орта есеппен 6,6 млн баррельге төмендегенін айтып, "бұл – бақылау жүргізудің бүкіл тарихында рекордтық ең үлкен екінші төмендеу" деп нақтылады.

Жаза кеткен жөн, мұнайға сұраныстың күрт төмендеуі коронавирус пандемиясы кезінде ғана тіркелді.

Ал Financial Times негізгі әсерді әзірге көбіне Азия елдері сезінсе де, АҚШ-тағы бензин қоры жазғы демалыс маусымының шыңында тарихи төмен деңгейге жетуі мүмкін екенін жасырмайды.

Бұған дейін АҚШ-та мұнай бағасы 80%-ға қымбаттап, бензин рекордтық көрсеткішке жеткенін жаздық.