Атырауда «Қашаған» кен орнынан шыққан ілеспе газды өңдейтін зауыттың құрылысы қарқынды, деп хабарлайды 24kz.

Кәсіпорын жылына 1 млрд текше метр шикі газды кәдеге жаратады. Заманауи озық технологияға негізделген кәсіпорында пропан, бутан және автокөлікке қажетті сұйылтылған газ өндіріледі. Құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысын «QazaqGaz» ұлттық компаниясының» басқарма төрағасы тексеріп көрді.

Газ өңдеу зауытының құрылысы Мемлекет басшының тікелей назарында. Себебі еліміз үшін ерекше маңызға ие жоба іске қосылғанда ішкі нарыққа қажетті газ өнімдеріне деген сұраныс толық қанағаттандырылады. Зауыт жылына 1 млрд текше метр газ өңдеуге қауқарлы. Қазір мұнда көлемі 8 мың текше метрлік жинақтаушы резервуарның құрылысы аяқталып, 12 шақырымнан астам жерасты құбырларына герметикалық сынақ жүргізілді.

Болат Бекешов, жобаның бас механигі:

- Іргетас құю жұмыстары да аяқталу үстінде. Бұйырса, оны да жылдың аяғына дейін бітіріп, монтаждау, металл конструкцияны құру, құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстарын жалғастырамыз. Дәл қазір 32% жұмыс істелді. Жылдың аяғына дейін шамамен 70%-ке жетеміз.

Жобалау кезінде кеткен қателіктердің салдарынан зауыт құрылысы тамыз айына дейін 100 күнге кешігіп келе жатыр еді. Бүгінде ол 60 күнге қысқарды.

Батыржан Тергеусізов, «Qazaqgaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазір жобаны уақытылы тапсыруға жұмылып жатырмыз. Салқын түскенше бетон құю жұмысын аяқтасақ, металл қондырғыларды құрастыруды бастаймыз. Жетінші-сегізінші титулдағы негізгі күкірт сақтауға арналған орындар дайын.

Қазіргі таңда алаңға 2 мыңға тарта адам күші мен 400-ден астам арнаулы техника тартылған. Еңбек өнімділігін арттыру үшін түнгі ауысымға қосымша 150 жұмысшы тартылады деп күтілуде. Жоба бойынша зауыт 2026 жылдың аяғында іске қосылуы керек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов