Елде балық өсіруге көңіл бөлініп жатыр. Биыл 12 жоба іске қосылады. Сондай-ақ шаруаларға субсидия көлемі артады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Ал халық арасында балық өнімдеріне сұраныс қандай?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Елде балық экспорты бәсеңдеді. Мәселен былтыр 23,4 мың тоннасын сыртқы нарыққа шығардық, бұл 11%-ке аз. Көрсеткіштің төмендеуіне өнімділік әсер еткен жоқ. Керісінше, ішкі нарықтағы тұтыну өсті. Ұлттық статистикаға сүйенсек, жан басына шаққанда 4 келіден 5 келіге дейін артқан. Импортқа тәуелділік те азаймады. Жыл сайын елге 54500 тоннадан аса балық өнімі жеткізіледі. Оның басым бөлігі теңіз және мұхит жәндіктері. «Оларды жасанды су айдындарында өсіруге болады», - дейді мамандар. Әзірге импорттық өнімдер Ресей, Түркия, Нидерланд, Франция, Норвегия, Исландия және Чилиден келеді.
Еуроодаққа балық тасымалы азайды
Айтпақшы, біздегі экспорттың төмендеуіне логистика шығындарының артуы себеп болған. Мысалы, балық өнімдерін Еуроодақ елдеріне жеткізу қымбаттады. Бізде жылына 100 мың тонна балық өңдеуге қауқары бар 70-тен аса кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 20-сы осы нарыққа шығуға құқылы. Қазір қайта өңдеушілеріміз 50 түрлі өнімді 21 елге жіберіп отыр. Импорттаушылар қатарында Еуропадан бөлек, Ресей мен Қытай бар.
Балық шаруашылығына субсидия беріледі
Мемлекет аквамәдениет өнімін өсіруде пайдаланылатын жем-шөп шығындарының 30%-ін, өзге де шығыстардың тең жартысын өтеуге септеспек. Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы бұйрық жобасын жариялады. Мұндағы мақсат – аквамәдениет өнімдерінің өзіндік құнын төмендету. Қазір елде 600 шаруашылық тіркелген. Биыл да 3,9 мың тонна балық өсіретін 12 жоба іске қосылады. Оның жалпы құны – 2,3 млрд теңге.
Заңсыз балық аулағандар айыппұл арқалайды
Былтыр заңсыз балық аулағандарға 98 млн теңге айыппұл салынған. Құзырлы министрлік айыпақы көлемі жыл сайын орташа 5-10 млн теңгеге өсіп отыратынын айтады. Өздеріңіз білетіндей, өткен айда кей балық түрлерін аулауға лимит енгізілген болатын. Оны облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары бақылайды. Лимит сақталмаса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, рұқсат етілген көлемнен біраз асса, жеке тұлғаға 10 АЕК немесе 40 мың теңге, шағын бизнеске 30 АЕК, бұл шамамен 196 мың теңге және ірі бизнеске 100 АЕК немесе 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Балық аулауға электр тогын, жарылғыш заттар не химиялық қоспаларды да қолданатындар бар екен. Оларға 3 мың АЕК айыппұл қарастырылған. Қайталанса, айыппұл мөлшері 4 мың АЕК жетеді, бұл шамамен 15 млн 728 мың теңге. Тіпті 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Марат Қалмұратов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Былтыр біздің инспекцияларымыз қорғау заңнамасын бұзу туралы 5,5 мыңға жуық хаттама жасады. 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Салынған айыппұл шамамен 98 млн теңгеге жетті. Жалпы жыл сайын айыппұл көлемі орта есеппен 5-10 млн теңгеге өседі. Осындай динамика бар.