Қаланың кіреберісіне қойылған сәулет туындысынан асауды ауыздықтаған адамды көресіз.

Кезінде Солтүстік Қазақстан жерін мекендеген "Ботай мәдениеті" тайпалары жабайы жылқыны алғаш қолға үйреткен еді. Ерекше ескерткіш 6 мың жыл бұрыңғы мәдениеттің маңыздылығын айшықтап тұр. Бір жағынан, ата-бабаның мұрасына деген құрметті көрсетеді.

Энеолит дәуірінде өмір сүрген ежелгі адамдар Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында жабайы жылқыны жүгендеп, сақтардың сүйікті сусыны – қымыз өндірді. 1981 жылы ашылған қорымнан 2 мыңнан аса артефакт табылды.

Оның бір бөлігі Петропавлдағы тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Римма Попович, облыстық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі:

- Адамзат жылқыны толық кәдеге жаратты. Оның сүтін сауып, етін жеді. Сүйектерін қару-жарақ, ыдыс-аяқ істеуге пайдаланып, терісін өңдеді. Ең бастысы, мінуге жаратып, алыс сапарларға шықты. Сондықтан Ботай мәдениетін жаңа дәуір бастауы деуге болады.

Бұл мәдениет тарих беттеріне дала өркениетінің бастауы ретінде жазылды. Тұрақтан табылған қару-жарақ, еңбек құралдары мен үй-жайлары тайпаның таңдаулы тұрмысын танытады. Петропавлда «Ботай» монументі орнатылды. Қаланың кіреберсінде тұғырға қонған жылқыны ауыздықтаған адамның мүсіні «менмұндалап» тұр. Ескерткіштің биіктігі – 14 метр.

Жалын Бауырхан, Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі:

- Композициялық құрылымын көріп отырсыздар өте күрделі шешім тапқан. Үш қырлы тұғырдан тұрады. Үш елді, үш ұлттың тілінде жаңағы біздің тарихиымызды айқындасын деп солай жобаның негізгі идеясы сондай болды.

Ботай қонысы «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енгізілген. Тарихи тұрақтағы қазба жұмыстары әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Оған Ұлыбритания елінің археологтары да келіп қатысады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов