Триллиондаған теңгенің инвестициялық жобалары мен мыңдаған жұмыс орындары.

Мемлекет басшысының Қызылорда облысына сапары жалғасуда. Биыл сыр еліне 720 млрд теңгенің инвестициясы тартылса, оның 70 пайызы жеке инвестиция. Яғни іскерлік белсенділіктің артқанын аңғару қиын емес. Биылдың өзінде 27 жаңа жоба іске қосылады деп күтілуде.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыр еліне сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Әуежай ішкі және халықаралық әуе рейстерін атқарады.

Президентке жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді. Былтыр қараша айында ашылған жаңа терминал жеке инвестордың қаражатына салынды. Жалпы құны 16,6 млрд теңге. Ал нысанның инженердік-коммуникациялық инфрақұрылымына бюджет есебінен 4,3 млрд теңге бөлінген. Қорқыт ата атындағы жаңа әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды. Аптасына 29 рейс орындайтын әуе айлағы халықаралық әуе һәм көлік стандарттарына сай.

Мұнан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда өңірінің әлеуметтік экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Президенттің 2029 жылға дейін 150 млрд доллар инвестиция тарту тапсырмасы бар. Бұл ретте Сыр елі қамшы салдырмай келеді.

Инвестиция тарту қарқыны 233 пайызға артып, 1.6 трлн тг қаражат тартылса, 2028 жылдың соңына дейін жалпы құны 2 трлнға жететін 90 жоба сүйемелденуде. Олар 11 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады. Ал биылға келсек 720 млрд теңгеден астам қаражат тарту көзделген, одан бөлек 27 жоба іске қосылуы тиіс. Олардың тоғызы халықтың игілігіне берілді. Аймақ басшысы сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен бірге өңірдің бас қаласы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берілді.

Аудандарда, елді мекендерде абаттандыру жұмыстары, көгалдандыру, парктерді қайта жаңғырту жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Бұл менің жеке бақылауымда болады.

- Жалпы облыстың дамуы жақсы, жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Жалпы бәрі дұрыс сияқты.

Мемлекет басшысы Көп функционалды Өнер орталығының жұмысымен танысты. Құрылысына 3.7 млрд теңге жұмсалып, былтыр наурыз айында ашылған орталық мың орынға арналған концерттік залы эстрада, симфония және ұлттық өнер бағытында жұмыс істейді.

Мүсілім Әмзе, облыстық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижер:

– Бізде мұндай 1000 орындық концерт залы болған емес. Қазір енді көріп отырсыздар, мына жарықтандыру болсын, дыбыс аппараттары болсын, сахнаның кеңдігі және акустикалық, бүкіл жағдайдың бәрі жасалды.

Былтыр руханият жылының аясында Қызылорда өңіріндегі мәдениет саласының қызметкерлеріне 40 тан астам пәтерлер берілсе, оның 10-ы осы симфония оркестрінің музыканттарына бұйырған. Бұндай қамқорлық өз кезегінде жақсы тенденцияға жол ашып отыр. Алматының консерваториясын тәмамдаған Қызылордалық өнерпаздар сонда қалып қоймай өңірге оралуда.

Мүсілім Әмзе, облыстық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижер:

– Олардың бәрінің басын қосып бізде осындай үлкен көркем ұжымның болуы бұл бір жағынан заман талабы деп қарасақ та болады. Екінші жағынан біздің әлеуетіміз жетіп тұрса неге оны ашып көрсетпеске. Енді біз опереттаны ойнап көрсетіп жатырмыз. Алдағы уақытта, опера балет театры да ашылуы мүмкін.

Айта кету керек, 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны жаңадан салынды. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары», музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейімен қатар шалғай елдімекендерде мәдениет үйлері бой көтерді. Сапар аясында президент Қызылорда жұртшылығымен кездесіп, бұйымтайларын тыңдады.

- Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл үлкен мүмкіндік.

Жұртшылықпен жүздесуде мемлекет басшысы өңірде көп жұмыс атқарылатынын, алда әлі ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, облыс басшысына риза екенін жеткізді.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз