Қазақстан құрамасы 22-31 қазан аралығында Бахрейннің Манама қаласында өткен үшінші жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында өнерін көрсетуін аяқтады. Бұл туралы ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Отандастарымыз 93 медаль жеңіп алды. Оның ішінде – 24 алтын, 29 күміс және 40 қола жүлде.
Бірінші орынға 147 медальмен (63 алтын, 49 күміс, 35 қола) Қытай құрамасы ие болды. 81 медаль (37 алтын, 16 күміс, 28 қола) еншілеген Өзбекстан екінші орынға жайғасты.
Қазақстандық спортшылар жиырмадан астам спорт түрі бойынша бақ сынап, жүлделі орындармен қатар, бірнеше рекорд жаңартты.
Ауыр атлет Әлихан Әскербай бірден бірнеше жоғары жетістікке қол жеткізді. Ол жұлқа көтеруде және серпе көтеруде жасөспірімдер арасындағы әлем, Азия және Азия ойындарының рекордтарын жаңартты.
Жеңіл атлет Максим Сажнев, жүзгіш Александр Румынский және зілтемірші Нұржан Жұмабай да жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының рекордын жаңартты.
Қазақстандық боксшылар ең көп алтын медальді жеңіп алды (5 алтын). Дзюдошылар төрт алтын, ал ауыр атлеттер үш алтын жүлдеге ие болды.
Қазақстан құрамасы өз тарихында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. 2009 жылы Сингапурда өткен алғашқы жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында ел қоржынында небәрі 14 медаль (4 алтын, 6 күміс, 4 қола) болып, жалпы есепте сегізінші орын алған еді.
2013 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өткен жарыста отандастарымыз 13 медаль (1 алтын, 4 күміс, 8 қола) жеңіп алып, 13-орынға табан тіреген болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
