Қазақстанға 30 мыңнан аса шетелдік студент келіп, тарихи рекорд орнады. Жастар ақылымен қоса, ақшасын да ала келіпті. Осы студенттердің есебінен ел экономикасы 30 млрд теңгеге толықты. Енді олардың санын үш есеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Астанада өткен халықаралық стратегиялық серіктестер форумында Президент осындай тапсырма берді. Жиынға шетелдік университеттердің жетекшілері келіп, отандық оқу орындарымен келіссөз жүргізді. Нәтижесі қандай?

Бұл – бүгінді бағамдап, болашақты болжайтын алаң. Отандық білімнің білгірлері, жаһандық ғылымның дүлдүлдері жиналған. Осы ортаның алдына шыққан Президент сөзін мынадай оймен бастады. «Әлемді өзгерте алатын ең басты күш — білім мен ғылым». Ал еліміз осы бағытты дамытуда белсенді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды.

Ауыз толтырып айтарлықтай жетістік бар. Алайда ғылымның кемеліне жеттік деп айтуға әлі ерте. Сол үшін жұмыс қарқынын арттыру маңызды. Мемлекет басшысы қатысушыларға жоғары білімнің қолжетімділігі артып жатқанын жеткізді. Ол үшін жастарға пайызсыз несие мен түрлі грант берілуде. Инфрақұрылым мен жатақхана жайы да түзеліп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің бес университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды. Бұл да біз үшін зор жетістік.

Серіктессіз серпіліс жоқ. Сала мамандары осылай дейді. Олардың пікірінше шетелдік зерттеулерді елге әкеліп, оны пайдаға жарата білу керек.

Ақылбек Күрішбаев, Қр Ұлттық Ғылым академиясының президенті:

- Әлемде жаңалықтардың бәрі ашылып қойған. Ол жаңалықтарды трансферт ретінде әкелу керек. Сонда тез өзгеріс болады. Қандай технология озық әлемде? Қандай технология әкелуіміз керек? Қазір бұл мәселе бойынша біз өзімізбен өзіміз жүрміз. Бүгінгі форумның мақсаты да сондай.

Бұл істің ізашары ретінде Қазақстанға кіретін OpenAI компаниясының өнертабысын айтуға болады. Жасанды интеллект әлемге төңкеріс әкелген жаңалық екеніне ешкім шүбә келтірмейді. 2030 жылға қарай ол әлемдік ЖІӨ көлемін 15 триллион долларға ұлғайтады деп болжанып отыр. Қазақстан бұл ғылымды барынша игеруді көздейді. Сол үшін СhatGPT білім беруде қолданыла бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапарым кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік. Нәтижесінде Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Аталған бастамалар арқылы отандық білім беру саласында жасанды интеллект әлеуетіне сүйене отырып, кешенді цифрлық трансформация жасалып жатыр.

Бұл — жасанды интеллект дәуірінде білім берудің жаңа моделі. Minerva университетінің президенті Бен Нельсон осылай дейді. Оның айтуынша, Қазақстан бастамасы – елдің стратегиялық әрі прогрессивті көзқарасының айқын көрінісі. Тіпті бұл жоба елімізді білім берудегі жаһандық көшбасшыларының қатарына қосуы да мүмкін. Сөз арасында мейман бұр үрдіске үлес қосатынын мәлімдеді.

Бен Нельсон, Minerva университетінің президенті:

- Minerva — ЖИ дәуірінің алғашқы университеті деуге болады. Дәлірек айтсақ, біз осындай үлгі қалыптастырып жатырмыз. Осылайша жасанды интеллектті зерттеп қана қоймай, оны оқу үдерісінің өзінде пайдалану маңызды. Қазақстанның мұндай жобаны жүзеге асыруға қажетті барлық алғышарттарға ие.

Бұл сөзді бауырлас елдің өкілдері де қуаттады. Баку университетінің ректоры екі елдің географиялық орналасуын бағамдап, бірлесе жұмыстан көп нәрсе ұтатынымызды айтты.

Эльчин Бабаев, Баку мемлекеттік университетінің ректоры:

- Цифрлық трансформация мен жасанды интеллекттен бастап, «жасыл» технологиялар мен этикалық басқаруға дейінгі жаһандық үрдістер жоғары білім мен ғылыми зерттеулердің жаңа келбетін қалыптастыруда. Орталық Азия мен Каспий аймағындағы маңызды өңірлік үдерістер бірлескен прогреске жаңа мүмкіндік ашып отыр.

Әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнап, 33 филиал ашылғаны баршаға аян. Бұл — білім ғана емес, табыс табуға да жол ашты. Қазір елде 30-мыңнан аса шетелдік студент білім алады. Содан 30 млрд теңге кіріс келген. Ендігі жоспар шетелдік студенттердің санын 100 мыңға жеткізу. Демек белді білім ордаларымен келіссөз әрі қарай жалғасады. Сондай келісімнің біріне бүгін кол қойылды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Ең мықты үш Финляндия университетінің консорцуымы Астанада жаңа педагогикалық университет ашуға келісім берді. Астанамыз қазір тез өсіп жатыр, жаңа мектептер ашылып жатыр. Соларға мұғалім, ұстаз дайындайтын ең мықты Финляндия жүйесімен дайындайтын университет ашылады.

Елге келетін шетелдік студенттердің 60 пайызы жасанды интеллект бағытында білім алады екен. Түркістанда ашылған Woosong University филиалы жасанды интеллект, деректер ғылымы және цифрлық технологиялар саласына басымдық береді. Осы ретте Сон Кён Ким Қазақстан цифрлық дәуір мамандарының жаңа буынын қалыптастырып жатқанын айтып, жоғары нәтижелерге таңданысын жасырмады.

Сон Кён Ким, Woosong білім беру қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы:

- Біздің «Жасанды интеллект» және «Деректер ғылымы» бағдарламаларымыз студенттерге екі жыл Қазақстанда, ал келесі екі жылды Кореяда немесе Woosong университетінің әлем бойынша серіктес жоғары оқу орындарының бірінде оқуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аяқталған соң түлектер қос диплом алады.

Яғни қазақстандық және корей дипломдарын береміз. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе, тілдік орта, жаңа көзқарас пен өз-өзіне сенімділікке ие болады.

Адриан Давус, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ студенті:

- Мен қазақша үйреніп жүрмін, әрине шетелдік студент болу оңай емес....

Президентпен кездескен студенттің бірі — Аружан Ермұхан. Ол Аризона университетінің студентті. Ақпараттық технологиялар мамандығында оқиды. Мемлекет басшысымен таңдауы мен алған әсері жайлы бөліскен.

Аружан Ермұхан, студент:

- Мектеп кезінде шетелге немесе Алматыға оқуға түскім келген. Алайда Қазақстанда шетелдік Университеттер ашылып жатқанын естіп, Қазақстанда қалуды шештім. Шетелдік профессорлар, сабақтар толық ағылшын тілінде өтеді. Сабақтың деңгейі өте жоғары деп айта аламын.

Жиынның негізгі миссиясы орындалды. Отырыс кезінде бірнеше меморандумға қол қойылып, қазақстандық университеттер, шетелдік әріптестеріміз түрлі келісімге келді.

Бекзат Аманов, тілші:

- Отырыста қатысушылар мәлімдемемен шектелмей, мәмілеге де келе алды. Форум нәтижесі бойынша шамамен он құжатқа қол қойылады. Осылайша халықаралық серіктестік серпіле түседі. Сала мамандары бұл келісімдер ғылыми өркениетке жеткізетін төте жолды салып беретініне сенімді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев