Биыл елде өндірістегі өлім-жітім 3,8 пайызға азайған. Десе де қауіпсіздік мәселесіне қырын қарауға болмайды. Мамандар осылай дейді. Себебі тоғыз айда 100-ден астам адам дәл осы өндіріс ошақтарында опат болған . Салғырттықтың соңы осы болып тұр. Сақтық шараларын күшейтудің амалы бар ма?

Апат айтып келмейді. Десе де сақтық шараларына селқос қарайтындар әлі тыйылар емес. Биыл елде 934 жұмысшы өндіріс орнында зардап шекті. Ал қапияда қаза тапқандардың саны 100-ден асқан. Әсіресе Қарағанды, Павлодар, Қостанай мен елдің шығысында жазатайым жағдайлар жиі тіркеледі. Адам өмірі үшін аса қауіпті саналатын ірі өндіріс ошақтарын бақылауды күшейту қайнауы жеткен мәселе. Осы ретте елде 2030 жылға дейін еңбек қауіпсіздігі тұжырымдасы бекітілді. Құжат әр қызметкердің бас амандығымен қатар жайлы еңбек жағдайын қамтамасыз етуге арналған.

Бибарыс Тәңірбергенұлы, ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы:

- Осы тұжырымдамаға сәйкес кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалған. Кез келген өндіріс орнында орын алған заңбұзушылықтарға тиісті баға беріледі. Мониторинг жасалады. Еңбек инспекторлары тарапынан жылына екі рет профилактикалық бақылау жүргізіліп отырады. Біздің автоматтандырылған автоматты жүйеге сәйкес тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындар автоматты түрде анықталып, соған сәйкес жылына екі реттен кем емес профилактикалық бақылау жүргізіліп отырады.

Аталған жүйеге елдегі өндірістік жарақат қаупі жоғары 95 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Кешенді жоспарға сәйкес жыл басынан бері оларға 4500 тексеріс жасалып, 5700-ден астам заңбұзушылық әшкереленді. Салынған әкімшілік айыппұл көлемі — 370 млн теңге. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережесін елемеу мен тозығы жеткен құрал-жабдықтарды қолдану қайғылы жағдайлардың басты себебі.

Нұржан Ысқақов, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл мәселе бойынша біз биыл үлкен іс атқардық. Заңға арнайы бап енгіздік. Яғни өндіріс орындары заң аясында мерзімі озған жадбықтарды ауыстыруы тиіс.

Жыл басынан бері өндіріс орындарында 19 апат болды. Одан 30 адам зардап шегіп, 18 адам қаза тапты. Әрбір апатқа арнайы комиссия құрылып, оны зерделеу жұмыстары жүреді.

Бұдан бөлек елде үш мыңнан астам кәсіпорынға еңбек қауіпсіздігі стандарттары енгізілді. Бұл халықаралық ұйымдармен бекітілген ортақ қағида. Оған сәйкес өндіріс ошақтары сақтық шараларын алдын ала пысықтап, еңбек жағдайын жақсартуға күш салады.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Мерей Талап