Сенат депутаттары Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасындағы халықаралық келісімдерді мақұлдады.
Құжатта қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету мен сотталған отандастарды елге қайтару мәселелері қамтылған. Заң жобасы арқылы екі елдің құзырлы органдары ақпарат алмасып, бірлескен жұмысты жандандыра алады. Мұнан бөлек тараптар сотталған немесе айыпталушы тұлғаларды өз еліне қайтаруға міндеттеледі. Ол үшін азаматтардың келісімі керек. Бірақ бұл мемлекет егемендігіне, қоғамдық тәртіпке қауіп төндірсе не екі елдің заңнамасына қайшы келсе, одан бас тартуға да болады. Бұдан бөлек Келісімде рақымшылық немесе кешірім жасау актісін қолдануға қатысты нормалар регламенттелген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Марокко Корольдігінің құқық қорғау саласындағы ынтымықтастығын одан әрі дамытуды көздейді. Бұл келісімдер қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келісімнің ережелері ұстап берудің және сотталған адамдарды берудің шарттары мен рәсімдерін реттейді. Сондай-ақ азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселелерін айқындайды. Алдағы уақытта осы заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз.