Алматы облысының Райымбек ауданында жұмысшы мамандықтар жылы аясында «САБАН FEST – 2025» фестивалі өтті. Іс-шара аясында асылтұқымды мал мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, сала үздіктері марапатталды. Оның соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концертке ұласып, балуандар белдесті. Ал аудан жастары қошқар көтеру, арқан тартудан өзара күш сынасты.
Күздің соңғы күнінде ұйымдастырылған «САБАН FEST – 2025» іс-шарасын өткізетін орын ретінде Райымбек ауданының таңдалуы тегін емес. Өйткені бұл аудан мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын қатар дамытып отырған өңір. Аудан шаруалары биыл 2300 гектар алқапқа картоп егіп, әр гектардан орта есеппен 250 – 300 центнерден өнім алды. Аудандағы ұсақ мал басы 270 мыңға, ірі-қара 70 мың, ал жылқы саны 40 мың басқа жеткен. Соның 23 пайызы асылтұқымды.
Дастан Құдабаев, Райымбек ауданының әкімі:
- Енді осы бір жылғы атқарған жұмыстарды қорытындылап, мына ауданның еңбегінде, ауыл шаруашылығы саласында, әр салада істеп келе жатқан майталмандарды бір құрметтеп, соларды марапаттап, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан шара. Жыл бойы атқарған жұмыстарымызды қорытындылап, ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан азаматтарымызды қолдап, қорғап, біраз жұмыстар атқарсақ дейміз.
Ауылшаруашылығы еңбеккерлерін ынталандыруға арналған фестиваль барысында «Үздік механизатор», «Үздік малшы», «Егін және мал шаруашылығының үздігі» аталымының жеңімпаздары марапатталды.
Олжас Қанапияев, шаруа қожалығының басшысы:
- Бүгін чемпион болғаныма өте қуаныштымын. Еңбегіміз жанды деймін. Бұл менің ғана емес, коллективімде он шақты адам жұмыс істейді, солардың еңбегі. Мына ауыл еңбеккерлерінің жылы деп жатыр ғой, біз үшін үлкен мотивация.
«САБАН FEST – 2025» іс-шарасы алдағы уақытта Райымбек ауданында жыл сайын ұйымдастырылады. Себебі бұл бастама ең алдымен елдің тұтқасы, тіршіліктің негізі болып отырған қарапайым еңбек адамдарының мерекесі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов