Бұршақ тұқымдас өнімдерді тұрақты тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульт пен қатерлі ісіктің көптеген түрлерінің қаупін азайтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі huffpost-қа сілтеме жасап.
2023 жылы Advances in Nutrition журналында жарияланған метаанализге сәйкес, бұршақ өнімін көп жеген адамдардың өлім қаупі төмен болған. Күніне 50 граммнан (жарты кесе де болмайды) артық бұршақ жегендерде өлім қаупі бұршақ жемейтіндерге қарағанда 6 пайызға төмен екені анықталған.
Mayo Clinic Diet жетекші диетологы Тара М. Шмидттің айтуынша, бұршақтың барлық түрі – өсімдік ақуызының, талшықтың және басқа да пайдалы заттардың тамаша көзі. Қай түрін таңдасаңыз да, ағзаға пайдасы бар. Бірақ кейбір түрлерінің ұзақ өмір сүруге ықпал ететін ерекше қасиеттері бар.
1. Соя бұршағы
Сояда ақуыз мөлшері ең жоғары. Ғылыми зерттеулер соя қан құрамындағы қантты төмендетіп, 2-типті диабет, жүрек-қан тамырлары аурулары мен деменцияның алдын алатынын көрсеткен. Бұл – өмір ұзақтығына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, соядағы ақуыз жас ұлғайған сайын азаятын бұлшықет массасын сақтауға көмектеседі.
2. Эдамаме
Эдамаме – соя өсімдігінің жас кезінде жиналатын түрі. Диетолог Ниша Мелванидің айтуынша, оны адамдар көбіне ұзақ өмір сүру үшін тұтынады. Эдамаме өсімдік ақуызына, талшыққа, фолий қышқылына және сүйек пен жүрек денсаулығына пайдалы К витаминіне бай.
3. Фасоль (ас бұршағы)
Фасоль – талшыққа ең бай бұршақ түрі. Ғалымдар мұны ұзақ өмірмен тікелей байланыстырады. 31 мыңнан астам адам қатысқан зерттеуде талшыққа бай диета жүрек-қан тамырлары ауруынан өлім қаупін ерлерде 24–59%-ға, әйелдерде 34–59%-ға азайтқаны дәлелденген.
Фасоль жүрек пен асқазан-ішек жолының саулығын сақтайды. Қызыл фасольде фолий қышқылы мен магний көп – олар қан қысымын реттеуге көмектеседі.
4. Қызыл фасоль
Қабынуды азайтудың басты жолдарының бірі – антиоксиданттарға бай тағам жеу. Ал ең көп антиоксидант қызыл бұршақта бар. Сондай-ақ, қара түсті басқа бұршақтар – пинто, ақ және қара фасоль де антиоксидантқа бай.
5. Нұт (ноқат)
Нұт та ұзақ өмірге пайдалы. Ол талшыққа, ақуызға және В тобы дәрумендеріне бай. Бұл дәрумендер ДНҚ-ны қалпына келтіруге, мидың және жүректің саулығын сақтауға қажет. Сонымен қатар нұт ішекке пайдалы әрі соған байланысты аурулардың қаупін азайтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!