Құжат аясында елордада пилоттық режимде "аралас модель" енгізу жоспарланып отыр.


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртуға бағытталған бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжат аясында елордада пилоттық режимде "аралас модель" енгізу жоспарланып отыр. Жаңа тәсіл мүгедектігі бар балалардың жеке қажеттіліктеріне бейімделген икемді қызмет көрсету форматын қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аясында ата-аналарға үй жағдайындағы әлеуметтік қызмет пен мамандандырылған орталықтардың қызметін қатар пайдалану мүмкіндігі беріледі. Мамандар балалармен үйде жұмысын жалғастырып, сонымен бірге отбасылар оңалту кабинеттері мен арнайы орталықтарға жүгіне алады.

Орталықтарда балалар логопед, психолог, дефектолог секілді мамандардың көмегін алып, оңалту шараларынан өтеді және құрдастарымен араласуға мүмкіндік алады.

Министрліктің мәліметінше, жаңа тәсіл баланың отбасылық ортада тәрбиеленуін сақтай отырып, кәсіби оңалту қызметтері мен заманауи құрал-жабдықтарға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыруға лицензиясы бар үкіметтік емес ұйымдарды тарту жоспарланған. Бұл ата-аналарға қызмет көрсететін ұйымдар мен мамандарды өз таңдауы бойынша анықтауға жол ашады.

Пилоттық жобаны жүзеге асыру Астана қаласының әкімдігіне жүктеледі. Жоба нәтижелері арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге және жаңа тарифтік тәсілдерді енгізуге негіз болуы мүмкін.

Құжат жобасы "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға жарияланды.