Велосипедті жиі тебу шат аймағында жайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ ол простатиттің тікелей себебі емес. Бұл туралы проктолог-дәрігер әрі хирург Эльвин Гусейнов айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Газета.Ru-ға" cілтеме жасап.

Маманның айтуынша, "велосипед простатиті" деген атау велосипедті тұрақты тебетін ер адамдарда шат аймағындағы жайсыздық, зәр шығарудың қиындауы және жыныстық әлеуеттің төмендеуі сияқты белгілер байқалған жағдайда қолданылады.

"Велосипедтің өзі қуықасты безінің қабынуына алып келмейді. Нағыз бактериялық простатит – бактериялар простата тініне түскен кезде дамитын инфекциялық ауру. Мұның себебі велосипедте емес", – деп түсіндірді Гусейнов.

Дегенмен дәрігер велосипедке дұрыс отырмау және қолайсыз ершік ер адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Шат аймағына түсетін қысым ұюға, сезімталдықтың төмендеуіне және эрекцияға қатысты уақытша қиындықтарға әкеп соғуы ықтимал.

"Дұрыс таңдалмаған ершік шат жүйкесі мен кіші жамбас ағзаларын қоректендіретін қан тамырлары өтетін аймаққа қысым түсіреді. Бұл бұрыннан бар қабыну процестерін күшейтуі мүмкін. Бірақ көбіне бұл простатаның қабынуы емес, шат жүйкесінің невропатиясы болып келеді. Егер дер кезінде отырысты түзетіп, ершікті ауыстырса, мұның бәрі қалпына келеді", – деді ол.

Қауіпті азайту үшін маман анатомиялық ершік қолдануды, велосипедке дұрыс отыруды, әр 15 минут сайын үзіліс жасауды, жұмсақ төсемі бар арнайы киім киюді және кез келген жайсыздыққа мұқият мән беруді ұсынды.

"Велосипед простатиті" – ойдан шығарылған ұғым емес, бірақ бұл нақты медициналық диагноз да емес. Бұл – ағзаның бір аймаққа шамадан тыс күш түсіп жатқанын білдіретін белгі. Денсаулыққа велосипедтің өзі емес, оны дұрыс пайдаланбау зиян келтіреді", – деп түйіндеді Гусейнов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget