Щучинск қаласында балалардың жаппай улану оқиғасы тіркелді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сауле Садвакасованың мәліметінше, медициналық көмекке 18 бала жүгінген.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Бурабай ауданында орналасқан Уалиев атындағы "Жақсы №2" спорт мектебінің базасында демалып жатқан балалар арасында ішек инфекциясы тіркелген.

"Осы жағдайға байланысты департамент аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп эпидемияға қарсы және алдын алу шараларын ұйымдастырды. Эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр, қолданыстағы заңнама аясында кешенді тексерулер жүргізілуде", – делінген департамент хабарламасында.

Аталған дерек бойынша ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы 1-бөлігі – "Санитариялық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алты бала "Авиценна-Бурабай" клиникасында, тағы төртеуі балалардың жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдап жатыр.

"Жағдайлары қанағаттанарлыққа жақын. Қазіргі уақытта тексеріліп, толық көлемде ем алып жатыр. Жақын күндері ата-аналары келіп, үйлеріне алып кетуі тиіс", – деп хабарлады басқарма өкілдері.

Қосымша ақпарат – уланудың нақты себептері, тергеу нәтижелері мен қабылданып жатқан шаралар тергеу аяқталғаннан кейін жарияланады.

Айта кетейік, сәуір айының басында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында Манаш жалпы білім беретін мектебінің 12 оқушысы уланған болатын. Осы жағдайға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тексеру бастаған. Облыс әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылып, Манаш ауданының полиция басқармасы мектеп асханасын мөрлеп тастаған.

18 сәуір күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте білім беру ұйымдарындағы балалардың жаппай улануына қатысты пікір білдіріп, Үкіметке тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget