Ұлытау облысында спортқа бейім балаларға арналған мектеп-интернат салу жоспарда тұр.

Қазір өңірде мұндай мамандандырылған оқу орыны жоқ. Жоба аясында спорт мектебіне қосымша 200 орындық жатақхана және заманауи спорт кешені салынады. Өңірде спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Облыстық спорт мектеп-интернаты Сәтбаев қаласында орналасады. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Нысанның құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланған.

Марат Айдашев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Мектепте бес түрлі спорт бағыты қамтылады. Оған ойын түрлерімен қоса жекпе-жек түрлері де кіреді. Жетінші сыныптан бастап спортқа бейімі бар, бірақ шалғай ауылдарда спорттық инфрақұрылымы жоқ балалар осы интернатқа шақырылып, қабылданатын болады. Осы жерде жаттығып, күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

Өңірде спортқа қызығушылық жыл сайын артып келеді. Түрлі спорт секцияларында 80 мыңнан астам адам шұғылданады. Соның ішінде он мыңға жуық талапкер балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жаттығады. Соңғы жылдары облыста 50-ден астам спорттық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде спорт алаңдары, корттар мен футбол алаңдары бар. Мұндай инфрақұрылым бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.

Марат Айдашев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Сондықтан ірі спорттық нысандардың санын көбейту қажет. Балалардың кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануы үшін халықаралық стандарттарға сай, арнайы жабдықталған залдар керек.

Осыған орай жасақталған кешенді жоба негізінде жаңа спорт ғимарттарының құрылысы жандана түсті. Жыл соңына дейін облыс елді мекендерінде бірқатар спорттық нысандар пайдалануға берлімек.

Ринат Алматов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы Ұлытау облысында 13 спорт нысаны жоспарланған. Қазіргі таңда 6 нысанның құрылысы жүргізілуде. Ұлытау ауданында 2 спорт нысаны, Жезқазған қаласында біреу, Жаңаарқа ауданында 3 нысан. Сонымен қатар қазіргі таңда 3 нысан бойынша сараптама қортындысы бар, жобалық-сметалық құжаттаманың.

Сонымен қатар Жезқазғанда мұз аренасы мен бассейні бар Спорт сарайын, сондай-ақ ипподром кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл өңірде су және ұлттық спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік береді.

Арыстанбек Кенже, Елизавета Шалина, Нұрбол Үздікбаев