Ақтөбеде тұрғындардың сушиден жаппай улануына аспаздар кінәлі болып шықты. Тапсырыспен тамақ дайындайтын орталықтың үш қызметкерінен стафилококк таяқшасы табылған, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Осыдан бір ай бұрын суши жеген сегіз адам астан ұшынып ауруханаға түскен. Лоқсып құсып, қызуы көтерілгендерге дәрігерлер көмектескен. Олардың екеуі — бала, бірі — жасөспірім. Барлығы бір жерден суши алып жепті.
Дереу тексеру жүргізген мамандар үш аспаздан стафилококк таяқшасы табылғанын айтады. Тамақ дайындайтын қызметкерлердің санитария кітапшасы да жоқ болып шыққан. Орталық жұмысын тоқтатып қойған.
"Инфекция көзі — үш аспаздан анықталған стафилококк бактериясы", — дейді Ақтөбе облысы Санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде сегіз адам сушиден уланғаны, зардап шеккендердің ішінде балалар да бар екені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!