Непалдың таулы аймақтарына дрон арқылы жүк жеткізу жобасын Airlift Technology компаниясы жүзеге асырып жатыр.
Биылғы жылдың наурыз–мамыр аралығында ұшқышсыз аппараттар Эвересттегі бірінші лагерге арқан, саты және оттегі баллондарын жеткізді. Ал қайтарда оларға тауда жиналған қалдықтар артылды. Мамандар мұндай жолмен 6 мың метр биіктіктен жылына шамамен 1 тонна қоқысты тасымалдауға болады дейді. Бастама жергілікті билік құрылымдары мен халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асқан.
Милан Пандей, Аirlift Тechnology компаниясының тең құрылтайшысы:
- Біз тауға қажетті жабдықтарды Кхумбу мұздығына дейін жеткіздік. Ол Эверест бойынша ең күрделі әрі қауіпті жерлердің бірі. Альпинистер ауыр жүктерді арқаламай, дрондарға салып уақыт үнемдейді. Мысалы, төмендегі базадан бірінші лагерьге жаяу жүрсең 7–9 сағат кетеді. Ал дрон бұл аралықты 3 минутта еңсереді. Қажет болған жағдайда дәрі-дәрмек пен оттегі баллондары да жылдам жеткізуге болады.
Мамандардың бағалауынша, Эверест аумағында жиналған тұрмыстық қалдықтардың көлемі шамамен 50 тоннаға жетеді. Қоқыстың көп бөлігі – пайдаланылған оттегі баллондары мен азық-түлік орамалары.
Ринджи Шерпа, Гиннес рекордтар кітабына енген жас альпинист:
- Тауда жиналған қалдықтарды қолмен тасымалдау — өте қауіпті жұмыс. Сондықтан жағдайда арнайы дрондарды пайдалану бұл процесті айтарлықтай жеңілдетеді. Экологияға да еш залалы жоқ. Ең бастысы адам өміріне қауіпті азайтады.
Дэвид Шерпа, Тerraces Resorts курорттар желісінің басқарушы директоры:
- Тауда оттегі аз болатындықтан қолмен қоқыс жинау өте қиын. Сондықтан дрондар таптырмас құралға айналып отыр. Енді альпинистерге қауіпті жерлерден ауыр заттар тасудың қажеті жоқ.
Бүгінде Эверест халықаралық альпинизм бағытындағы маңызды нысандардың бірі. Дронды қолдану экспедициялық процестердің тиімділігін арттырып қана қоймай, аймақтағы күрделі экологиялық ахуалды шешудің балама жолын ұсынып отыр.
Динара Орынтай, 24kz