Мемлекет басшысы 2025 жылғы 31 қазанда "Мәскеу инженерлік-физикалық институты" ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченкомен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорда таратқан ақпаратқа сүйенсек, әңгімелесу барысында еліміз үшін ядролық энергетиканың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қазақстанда "Росатом" бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен алғашқы АЭС құрылысын жүргізу қолға алынғанына тоқталды. Бұдан бөлек, тағы бірнеше станса салу жоспарланып отыр",- делінген ақпаратта.
2022 жылы Алматыда МИФИ филиалы ашылды. Оқу орнынан алғашқы магистрлер түлеп ұшты.
Президенттің пікірінше, бұл ядролық энергетика саласында біліктілігі жоғары маман даярлауға септігін тигізеді.
МИФИ ядролық ғылымды дамытуда және атом мамандарын даярлауда әлемдегі жетекші орталықтардың бірі ретінде танылған.
Бұған дейін Тоқаевтың Бейжің Тіл және мәдениет университетінің президентін қабылдағанын жазғанбыз.
