Тәжікстанда "Әскери міндет және әскери қызмет туралы" заңға түзетулер енгізіліп отыр.

Бұл туралы "Азия-Плюс" агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді көршілес елде мектеп мұғалімдері кәсіби қызмет атқарып жүрсе, міндетті әскери қызметтен толық босатылмақ. Еске салайық, осыған дейін аталған жеңілдіктің тек ғана ауыл-аймақтағы педагогтерге қатысы бар еді.

Тәжікстанның Білім және ғылым министрлігіндегі дереккөз вице-министр Хомид Хошимзоданың заң жобасын 15 қазанда өткен парламент отырысында таныстырғанын айтады. Бұл қадам мұғалімнің қоғамдағы мәртебесін көтеру үшін, сондай-ақ мектептердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталып отыр.

– "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасының 5-бабының 11-тармағында мұғалімдердің педагогикалық қызмет атқарған кезеңінде міндетті әскери қызметтен босатылуы туралы норма қарастырылған, – деп нақтылады Хошимзода.

Еске салайық, Тәжікстанда педагог жетіспеушілігі қанша жыл өтсе де, өзектілігін жойған жоқ. Министр Рахим Саидзода да 2025 және 2026 оқу жылы басталарда республика мектептерінде 3,8 мыңнан көп мұғалімнің жетіспегенін растады.