Үкім заңды күшіне енді.
Ақтауда 10 баланың анасына айыппұл салынған. Оған ата-аналық міндеттерін орындамады деген айып тағылған. Әйелдің 17 жастағы қызы сатушы болып жұмыс істеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Соттың мәліметінше, шығарылған қаулымен келіспеген әйел өзінің жауапкершілікке тартылуын заңсыз деп санап, сотқа жүгінген.
"Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарай келе, бірқатар мән-жайларды анықтады. Инспектор кәмелетке толмаған қызды еңбек шартының жоқтығына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеген. Жеке кәсіпкер мен талап қоюшының қызы арасында іс жүзінде консультант ретінде жұмысқа қабылдау туралы шарт жасалған, ол сотқа ұсынылған. Ал жұмыс беруші мен кәмелетке толмаған қыз сотта оның 17 жаста екенін түсіндірген", – делінген хабарламада.
Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған адамдармен еңбек шарты жасалған кезде жұмыс уақыты күніне екі сағаттан аспауы тиіс. Қыз бала кәмелетке толмаған тоғыз бауыры бар көпбалалы отбасына көмектесу мақсатында жұмыс істегені белгілі болды.
"Сотпен анықталғандай, еңбек шартында мөрдің болмауы кәмелетке толмағанның кінәсі болып есептелмейді. Ешкім өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес . Әкімшілік іс жүргізу барысында адамның кінәлілігіне қатысты барлық күмәндар оның пайдасына қаралады. Адам тек өз кінәсі дәлелденген әрекет үшін ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін", – деп хабарлады Маңғыстау облыстық соты.
Осылайша сот көпбалалы әйелдің талап қоюын қанағаттандырып, оған қатысты толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жойды. Қаулы заңды күшіне енді.
 
                         
                                             
                                            