Ол БАӘ, Египет пен Түркияға арзан тур ұсыну арқылы 20 млн теңге жымқырған.
Шығыс Қазақстан облысы тұрғыны әлеуметтік желілер арқылы жеңілдетілген туристік жолдамалар ұсынып, азаматтарды алдағаны үшін сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, ол "Travel the world" туристік фирмасын құрып, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет және Түркия елдеріне ерте брондау бағдарламасы бойынша тиімді бағамен жолдамалар сатылатыны туралы жарнама жариялаған.
Нәтижесінде 13 жәбірленушіден жалпы сомасы 20 млн теңге алаяқтық жолмен алынған.
Сот оны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырған.
Кейін апелляциялық саты "Рақымшылық жасау туралы" заңды қолданып, жазаны 4 жылға дейін қысқартқан.
Алайда прокурордың кассациялық наразылығынан кейін сот шешімі қайта қаралып, бас бостандығынан айыру мерзімі қайтадан 5 жылға ұлғайтылды.
Құқық қорғау органдары азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы туристік жолдамалар сатып алу кезінде сақ болуға шақырды.