Жезқазғанда «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Үздік аула» байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Өзі тұратын үйдің ауласын абаттандырып, кіреберісін безендірген тұрғындар бірнеше аталым бойынша іріктеледі. Кейіннен олардың еңбектері қала тұрғындары арасында насихатталмақ. Ұйымдастырушылар осылайша басқаларды да ынталандыруды көздеп отыр.
Мұса Жәлел атындағы көшедегі 15-ші үйді тұрғындар «Мұражай » деп атап кеткен. 5 қабатты үйдің кіреберісі ерекше талғаммен безендірілген. Көрген адамды ертегілер әлеміне жетелейтін көріністі қарапайым мұғалім мен медбике жасаған.
Әнуарбек Әлімов, қала тұрғыны:
- Көршіміз Лариса Александровнаның идеясы. Осы мына қабырғадан басталды негізінде. Түнделетіп жұмыс істеп отыр екен, сосын бір қарайсың, екі қарайсың, сосын суретші болғаннан кейін көмектескім келді. Көмектесіп отырдық. Мына қабырғаның өзін әжептәуір уақыт жасадық. Жалғыз адамға қиын ғой. Келген қонақтар болсын, сырттан келген адамдар көрген кезде «музейге түстік», дейді.
Әнуарбек Әлімов: «Үйдің кіреберісі жаңарғалы көршілер тазалыққа мән беретін болды», - дейді. Өзгелерге үлгі болсын деген мақсатпен әлеуметтік желіге жариялап, «Үздік аула» байқауына ұсынған. Әнуарбек секілді ауласын әсемдеп қойған тұрғынның тағы бірі – Сабырбек Дүйімқұлов. Ақсақал ауланы абаттандыру ісін осыдан 10 жыл бұрын бастаған. Қазір мұнда жасыл желек жайқалып тұр. Жеміс ағашының 20-ға жуық түрі өседі.
Сабырбек Дүйімқұлов, қала тұрғыны:
- Мақсатым –өсіп келе жатқан жастарға «осындай жасқа келсем де тазалықпен айналыс» дегендей үлгі болсын деп жатырмын.
«Үздік аула» байқауына 40-қа жуық өтініш түскен. Олардың арасында ғимарат айналасын әдемі безендірген кәсіп иелері де бар. Демеушілер тартып, сайысты ұйымдастыруға бастамашы болған қалалық мәслихат келер жылы байқаудың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Раушан Қапарова, қалалық мәслихат төрағасы:
- Қаламыздың абаттандырылуы, тазалығы, көгалдандыруға қатты көңіл бөлі, осыны қала тұрғындарының белсенділігін арттыру үшін, қаланың тазалығына өз үлестерін қосу үшін осы сайысты ұйымдастыруды қолға алдық. Жалпы қаланың тұрғындарының белсенділігі өте жақсы болды.
«Үздік аула» байқауының қорытындысы келесі аптада шығарды. Қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениет қалыптастырып, жауапкершілікті арттыру мақсатында аталған сайыс дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев