Спорт академиясы мен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы меморандумға қол қойды.

Астанада Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойды. Оның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық интеллектуалды спорты – тоғызқұмалақты жан-жақты дамыту, оның тарихи-мәдени құндылығын насихаттау, кадрлық әлеуетті күшейту және спорттық білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту.

Құжатқа Академия ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Тұрсынзада Қуанғалиева және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов қол қойды.

Келісім аясында тараптар тоғызқұмалақ спорты бойынша кадрлар даярлау және резерв қалыптастыру, кәсіби білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми, әдістемелік және білім беру жобаларын іске асыру, волонтёрлік қозғалысты дамыту және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу, спорттық білім беру саласында инновацияларды енгізу бағыттары бойынша бірлесіп жұмыс істейді.

Серіктестік шеңберінде Академияда тоғызқұмалақпен байланысты мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламалары қолдау табады. Атап айтқанда, жаттықтырушылық қызмет, спорттық оңалту, үстел спорт түрлері бойынша педагог-жаттықтырушы (шахмат), спорттық менеджмент және бейімдік дене тәрбиесі бағыттары ерекше назарға алынған.

Тараптар бұл ынтымақтастық тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі дамуына, ғылыми зерттеулердің тереңдеуіне және отандық спорт кадрларының кәсіби біліктілігінің артуына жол ашады деп сенім білдірді.


Оқи отырыңыз:

  • Байменов ЮНЕСКО хатшылығына тоғызқұмалақ ойынының тақтасын табыстады
  • "Ұлттық ойын атауы парламентке тиесілі емес". Бәйменов депутаттың тоғызқұмалақ атауын өзгерту ұсынысына жауап берді