Көптің талқысына себеп болған нәрсе – қос азаматтың да өзге салада танымал болуы .
Соңғы бір апта ішінде Қазақстан күрес федерациясындағы екі тағайындау әлеуметтік желіде түрлі талқы тудырды.
Бірінші, бұрынғы жайдарманшы Мансар Орынхан Түркістан облысы күрес федерациясының медиа саласы бойынша вице-президенті қызметіне тағайындалса, кеше филология ғылымдарының магистрі Нұраддин Садық Қазақстан күрес федерациясының атқарушы вице-президенті болып қызметке кірісті.
Көптің талқысына себеп болған нәрсе – қос азаматтың да өзге салада танымал болуы. Мәселен, Мансар Орынхан Жайдарманшы, блогер, әртіс ретінде көбірек танымал болса, Нұраддин Садықтың негізгі алған білімі – филология. Дегенмен, ол 2018 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын "Денешынықтыру және спорт" мамандығы бойынша тәмамдаған. Соңғы жылдары кәсіпқой аралас жекпе-жек саласында әлемдік компанияға айналған OCTAGON лигасының негізін қалап, жемісті басқарып келеді. Қазақстан Респуликасының "Құрметті спорт қызметкері" төсбелгісінің иегері.
Ал Мансар Орынханның тағайындалуына қатысты пікір білдірген Түркістан облысы күрес федерацияның төрағасы Нұрбол Еребаев оның әлеуметтік желіде 800 мыңнан астам жазылушысы барын алған тартқан болатын.
Сондай-ақ, Мансар Орынханның күрес федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалғаннан кейінгі алған бірінші жалақысы туралы әзіл видеосы да екіұдай пікірлерге негіз болды. Желі қолданушылары Күрес федерациясын жауапты қызметтерге саланың мамандарын тағайындамады деп айыптаса, кадрлық салада креативтілік танытқан федерацияны қолдаушылар да табылды.
Оқи отырыңыз:
Алматыда күреспен айналысатын қыздар жүзге жетпейді – Қалалық күрес федерациясы