Олар – Әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы.
2026 жылы Қазақстанда FEI аясында үш халықаралық жарыс – Әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы өтеді. Бұл туралы Гонконгта өткен Халықаралық ат спорты федерациясының Бас ассамблеясында белгілі болды.
Қазақстан ат спорты федерациясының мәлімдеуінше, бұл жарыстарды өткізу қазақстандық спортшыларға алғаш рет халықаралық рейтингтік ұпайларды өз елінде жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шетелдік жарыстарға қатысу шығындарын азайтады және тұрақты халықаралық жарыс тәжірибесін қамтамасыз етеді.
"Әлем кубок кезеңін, FEI World Cup Challenge финалын және 2026 жылы Аахендегі FEI Әлем чемпионатына іріктеу турнирін өткізу құқығы – Қазақстанда ат спортының жүйелі дамуына жасалған маңызды қадам. Енді біздің спортшылар елден шықпай-ақ халықаралық рейтингтік ұпай жинай алады. Жас шабандоздар үшін FEI World Cup Challenge әлемдік финалына қатысу мүмкіндігі ашылады", – деді Қазақстан ат спорты федерациясы президентінің кеңесшісі Сергей Буйкевич.
Ассамблея барысында FEI президенті Ингмар де Вос Қазақстанда жарыстар өткізу федерацияның халықаралық турнирлер географиясын кеңейту және жаңа елдерді жаһандық спорттық күнтізбеге тарту мақсаттарына сәйкес келетінін атап өтті, осылайша бұл бастаманы қолдайтынын білдірді.
Оқи отырыңыз:
Президент: Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады
Асыл тұқымды жылқы асырағандарға мемлекеттен субсидия беріледі