Тарихта алғаш рет Орталық Азиядан қазақстандық Дина Темірғалиева Virtus федерациясының вице-президенті болып сайланды.

Мысыр астанасы Каир қаласында өткен Virtus халықаралық спорт федерациясының Бас Ассамблеясы аясында 2025–2029 жылдарға арналған Басқарма құрамына сайлау өтті. Тарихта алғаш рет Орталық Азиядан қазақстандық Дина Темірғалиева Virtus федерациясының вице-президенті болып сайланып, ұйымның жоғарғы басқару құрылымына енді.

Бұл шешім Virtus-қа мүше мемлекеттердің дауыс беру нәтижесі бойынша қабылданды және Қазақстанның инклюзивті спорт саласындағы жүйелі, сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалған жұмысына берілген жоғары бағаны көрсетеді. Сонымен қатар бұл қадам Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің жетекші халықаралық спорт ұйымдарындағы рөлін күшейту жөніндегі тапсырмасымен үндеседі.

Азия өңірі атынан Virtus-тың жоғарғы басқару органына Қазақстанның ұсынылуы инклюзивті спортты дамытуға бағытталған міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең болды. Соңғы 3 жылда "Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы" РҚБ Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп үш халықаралық чемпионат ұйымдастырды, қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жарыстарға қатысуын кеңейтті және ұлттық заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуге бастамашы болды.

"Бұл – Қазақстанның мемлекеттік құрылымдармен серіктестікте халықаралық аренада жүргізіп жатқан жүйелі және мақсатты жұмысына берілген жоғары баға. Орталық Азия үшін де, Қазақстан үшін де бұл өте маңызды. Біздің еліміз – сенімді серіктес әрі жаһандық спорттық қауымдастықтың белсенді мүшесі. Алдағы төрт жылда үлкен жауапкершілік артылып отыр. Мен Азияда да, әлем бойынша да инклюзия құндылықтарын ілгерілетуге, жаңа елдерді қолдауға және интеллектуалдық мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ниеттімін", – деді "Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясының" президенті Дина Темірғалиева.

Virtus – 1986 жылы құрылған жаһандық спорт федерациясы. Халықаралық Паралимпиада комитетінің (IPC) тең құрылтайшысы және жүзден астам ел мен 7 мыңнан аса спортшыны біріктіреді. Жоғары жетістіктер спорты аясында Virtus-тың үш спорт түрі (жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисі) Паралимпиада ойындардың ресми бағдарламасына енгізілген. Осы Бас Ассамблеяда Virtus тарихында алғаш рет әйел – Робин Смит (Австралия) федерация президенті болып сайланды.

Келесі Virtus Дүниежүзілік ойындары 2027 жылы Каирде өтеді және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңі болады.

Паралимпиада ойындарына дейін IDSPORT Kazakhstan ұлттық құраманы жүйелі түрде дайындап жатыр. ​2025 жылғы желтоқсанда Дубайдағы жасөспірімдер Пара Азия ойындары, ​2026 жылы Нагоя (Жапония) қаласындағы Пара Азия ойындарына қатысып, Лос-Анджелестегі Паралимпиадаға жолдама алу жоспарланған.