Жасанды интеллектіге құқықтық баға беріліп, оны заңға бағындыру бағыттары бекітілуі тиіс. Жаңа технология адам өміріне етене араласқанымен, құқықтық жауапкершілік мәселесі ашық күйінде қалып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Ташкентте 40 мемлекеттің мыңға жуық заңгерлері мен сала мамандары бас қосқан форумда осы тақырып кеңінен талқыланды. Киберқауіпсіздікке қатысты ортақ алаң құру идеясы сөз болды.
Дулат Нуркин, тілші:
- «Құқықтық көктем» форумы Ташкент қаласында осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биылғы жиында жаңа технология тақырыбы таңдалды. Әсіресе, жасанды интеллектіні заңға бағындыру бағытында қызу пікірталастар өтті. Сарапшылардың дені жасанды интеллектіге жауапкершілік жүктейтін ортақ заң нормасының қажеттігін айтты.
Бобурбек Сайырбеков, Өзбекстан Әділет министрлігі халықаралық құқықтық басқару басқармасының басшысы:
- Әрине, жасанды интеллектінің осал тұсы да жоқ емес. «Кез келген құқықтық норманың соңында өзге адамның құқығы басталады» деген қағида бар. Демек, жасанды интеллект біздің өмірімізбен біте қайнасқан сайын оның да өзіндік құқығы мен міндеті болуы шарт. Сарапшылардың дені осы мәселені көтергенін көріп отырмыз. Бұл жақсы үрдіс деп ойлаймын.
Жасанды интеллектің көмегімен қазір кез-келген адамның аватарын сөйлетуге болады. Әсіресе, әлеуметтік желіде араларына сызат түскен мемлекеттердің арасына шоқ салып, алауыздық қоздырып жатқан күштер бар. Ал жалған ақпаратқа құқықтық баға кеш беріледі.
Әбдуәзиз Исакулов, адвокат:
- Мен Нью-Йорк қаласынан келдім. Адвокат болып жұмыс істеймін. Қазіргі құқықтық тәжірибеде жасанды интеллект тек ақпарат жинайды. Мысалы сот процесінің нүктесін қоюға, іске араласуға әзір шамасы жетпейді. Ал егер жаңа технология қажетті ақпаратты жинап, оны тиісті деңгейге жеткізіп жатса, заңгерлердің жұмысы жеңілдер еді. Тіпті қарапайым халықтың құқықтық көмекке қолжетімділігі артады.
Форум аясында жасанды интеллектіге қатысты мемлекеттердің ортақ тұжырымын құжатқа түсіріп, бекіту көзделіп отыр. Сондай-ақ киберқауіпсіздік мәселесінде бірігіп әрекет ету бойынша әріптестікке қол қойылмақ.
Авторы: Дулат Нуркин