Ханчжоудағы халықаралық шай көрмесінде адам тәріздес робот шай жапырақтарын жоғары дәлдікпен жинау шеберлігін көрсетті.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 8-ші халықаралық шай көрмесінде адам тәріздес робот әйгілі Лунцзин шайының жапырақтарын жинау шеберлігін көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Синьхуа агенттігінің жазуынша, көрме аясында робот жақын маңдағы шай бағына барып, нәзік шай жапырақтарын жоғары дәлдікпен теруді үйренді. Бұл көрсетілім заманауи технологияларды дәстүрлі ауыл шаруашылығы салаларына енгізудің мүмкіндіктерін паш етті.
Лунцзин шайы Қытайдағы ең танымал көк шай түрлерінің бірі саналады.
Қытай соңғы жылдары робототехника мен жасанды интеллект технологияларын қарқынды дамытып келеді. Ақылды роботтар көлік, өнеркәсіп, қызмет көрсету және қалалық инфрақұрылым салаларында кеңінен қолданылып жатыр.
Мамыр айының басынан бастап Шығыс Қытайдағы Чжэцзян провинциясына қарасты Ханчжоу қаласында жол қозғалысын басқаруға арналған интеллектуалды роботтар жұмыс істей бастаған.
Айта кетейік бұған дейін Корея робот-адам технологиясын дамытуға кіріскенін жазған едік.