Іс-шара Дүниежүзілік қалалар форумының (WUF13) 13-сессиясы аясында ұйымдастырылды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым Бакуде өткен SPECA қалалары форумына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Форум Орталық Азия қалалары арасындағы тұрақты даму, экология және урбанистика бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Жиын барысында Нұрлан Әбдірахым Алматы қаласында жүзеге асып жатқан негізгі экологиялық жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, ауа сапасын жақсарту, 2-ЖЭО-ны газға көшіру арқылы жаңғырту, экологиялық қоғамдық көлікті дамыту, төмен эмиссиялы аймақтарды (Low Emission Zone) енгізу, полиорталықты дамыту және экологиялық цифрлық мониторинг жүйесін іске қосу мәселелері сөз болды.
Форум қорытындысы бойынша Алматы әкімдігінің өкілі "SPECA климаттық тұрғыдан ақылды қалалар форумын құру жөніндегі ниеттер туралы мәлімдемеге" қосылды.
Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, халықаралық форумға қатысу экология және көлік салаларындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде таза ауа, заманауи қоғамдық көлік және қоршаған ортаны цифрлық бақылау бағытындағы шешімдерді жедел енгізуге жол ашады.