Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде «Отбасы – тәрбие бастауы!» ұранымен онкүндік басталды.

Онкүндік аясында бала тәрбиесінде шешуші роль атқаратын отбасы институтының мән-маңызын саралап, балаларға қамқорлық мәселесіндегі басым бағыттарды айқындау көзделген. Елде балаларды заманауи біліммен қамту бойынша нақты іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, “Келешек мектептері” жобасы аясында 217 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл білім ордалары кейінгі үлгідегі технологиямен жабдықталған.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Халық саны күн санап өсіп келе жатқан Астанада мектеп мәселесі өткір тұр. Мәселен, былтыр 12 мыңнан астам бала мектеп бітірсе, 30 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттаған екен. Соған қарай мектеп құрылысы қалада қарқын алды.

Иә, мектеп құрылысында «Келешек мектептері» жобасына ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоба аясында тұрғызылған білім ордаларының бірі №105 мектеп. Оқу ордасы 2 мың оқушыға арналған. Бірақ қазір 1670 бала білім алып жатыр. Былтыр қыркүйекте ашылған білім ошағы биыл алғашқы түлектерін шығарып салды.

Мейірім Ашуұлы, №105 орта мектеп директоры:

- Бұл мектептердің бір ерекшелігі, ең бастысы, бұл материалдық базасы. Яғни заманауи, соңғы үлгідегі, кез келген жұмыс істеуге ыңғайлы. Мысалы, ұстаз өзіне қажетт кез келген материалды ала алады. Мысалға ол соңғы үлгідегі сенсорлық тақтамен, интерактивті тақта дейміз ғой, сонымен жұмыс істей алады. Жалпы барлық мүмкіндік жасалған. Және де бізде ерекше білімді қажет ететін балаларға да барлық жағдай жасалған, инклюзивті кабинеттер дейміз ба, сенсорлық кабинет дейміз ба.

Балалар бір ауысымда оқиды. Пәндік кабинеттер сабақты жан-жақты түсіндіруге арналған құралдармен жабдықталған. Бұдан бөлек кітапханалар мен медиазалдар, жарық әрі кең спорт залдары оқушылардың көңілінен шығып отыр.

БЛИЦ

Әмір Бауыржан, 6-сынып оқушысы:

- Маған ұнайды мектепте. Өйткені мектепте көп кабинет бар. Денешынықтыру залы үлкен. Және де көп көріністер болады осы мектепте.

Аяулым Досмұхамед, 6-сынып оқушысы:

- Менің інім 6-да. Мен оған осы мектепте оқуға кеңес бердім. Себебі осы мектеп өте жайлы. Өз атына сай. Балалар үшін көптеген мүмкіндік бар.

Іңкәр Қылышбай, 6-сынып оқушысы:

-Бұрында менде 5-сыныпта 30-ға жуық бала болды сыныпта. қазіргі 6-сыныпта 24 бала, оқушы бар сыныпта. Менің ойымша, сыныпта аз бала болғаны жақсы. Себебі ол мұғалімге де жеңіл болады.

Былтыр елордада 16 “келешек мектебі” тұрғызылды. Бұл мектептерде 30 мың бала оқып жатыр. Ал биыл 14 мың балаға арналған 7 білім ошағы ел игілігіне берілмек. Соның арқасында мектепте орын тапшылығы болмайды дейді жауапты мамандар.

Аяжан Амантайқызы, Астана қаласы білім басқармасының баспасөз хатшысы:

- Астанада көбінесе халық өте тығыз орналасқан аудандарға салынып жатыр. Олар Нұра, Есіл, Алматы, Сарайшық аудандарында. Биылғы жылы салынатын 7 “жайлы мектептің” арқасында 4 үш ауысымдағы мектептің, 5 бала саны шамадан тыс мектептің мәселесі толықтай шешіледі, биылғы жылы.

«Келешек мектептері» жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынды. Жыл соңына дейін елде 217 білім ордасын тұрғызу көзделген. Бұл мектептерде 460 мыңнан астам бала білім алады. Жалпы жоба аясында ауылдық жерлерге айрықша назар аударылып отыр. Яғни мектептердің 40 пайызы ауылдарда бой көтереді.

Нұрқанат Қанапия, Сержан Айтжан, Қанат Махмұтов және Артур Горшняков