Павлодар облысында Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды өңірінің белсенді, іскер әйелдері «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты республикалық форумында бас қосты. Осынау іс-шара Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Ауыл» партиясының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Атырауда батыстағы төрт өңірдің әйелдер қауымы жиналып, маңызды мәселелерді талқылаған еді.

Кемеңгер ауылында өткен форум аясында алдымен облыс ауылдарынан жиналған кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан өнімдер көрмесі өтті. Экологиялық таза азық-түлік өнімдері, қолдан жасалған тұрмыстық бұйымдар, қолөнер үлгілері форум қатысу­шы­ларының үлкен қызығушылығын тудырып, көрме алаңы әйел кәсіпкерлерге өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Жиынның пленарлық бөлімінде сөз алған әйелдер өз істерінің нәтижесімен бөлісті, тәжірибе алмасты. Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы «Нұралы» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихат депутаты, ауыл кәсіпкерлігін дамыту ісінде тың бас­тамаларымен танылған Кәмшат Төлеуова АҚШ, Ұлыбритания, Германияның жоғары оқу орындарында білім алған. Біраз жыл Ақтау қаласында қызмет атқарған ол 2019 жылы отбасылық жағдайға байланысты туған ауылына оралып, әке кәсібін тоқыраудан сақтап қалған. Ол шетелдік ірі компаниядағы қызметін тастап, әкесі тапсырған 4 мың бас қойға иелік етті. Осынша малды бағу оңай болмасын білген ол 500-600 бастан ауылдас­тары мен шағын шаруашылықтарға малды тауарлы несие түрінде бөліп береді. Жалға алушы 4-5 жылда аздаған өсіммен мал басын қайтарып, төлін алып қалады. Бұл жүйе ауыл тұрғындарының да, шаруашылықтың да жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Мал шаруашылығы саласына қатысты өз бетімен ізденген. Осы сала мамандарымен кеңесіп, шетелдік мамандармен де байланысқа шыққан. Әсіресе аустралиялық мал шаруа­шылығы саласының мықтыларымен тілдесіп, сол елдің тәжірибесіне сүйенген. Әлеуметтік тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, жұмыссыз жүрген 10 отбасына 120 бас сиыр таратып берген. Осылайша, несие алушы­ларға мал бағып, май-қаймақ, сүт, құрт алуға, мерзімі өткеннен кейін малға толық иелік етуге мүмкіндік берген. Іскер әйелдің басты мақсаты – ауылдың әлеуетін арттырып, ел экономикасына үлес қосу, ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеру.

Ауылды қайта жандандыруға атсалысып жүрген әйелдердің бірі – Ақмола облысы Ақкөл ауданының тұрғыны, «Tал» компа­ниясының негізін қалаушы, эколо­гиялық таза өнім өндіруді мақсат еткен кәсіпкер Жұма Нұрғалиева. Отбасын таза экологиялық өніммен қамтамасыз ету мақсатында құс, ірі қара және қой өсірумен бастаған шаруасын бүгінде табысты бизнеске, бұрын қоқысқа тасталатын қойдың жүнін алтын шикізатқа айналдырған. Ауылда жүннің алғашқы өңдеу жұмысын ұйымдастырып, Астана қаласында дайын өнім сататын сауда нүктесін ашқан. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен Ж.Нұрғалиева 9,2 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, көрпе тігуге арналған заманауи станоктар, тігін машиналары мен кардошесер құрылғыларын сатып алады. Нәтижесінде, ауылдағы шикізатты толық пайдаланып, сапалы тұрмыстық бұйымдар шығаратын шағын өндірісті іске қосты.

Ауыл өмірінің тамырына қан жүгіртуге тек ауыл емес, қалада туып-өскен әйелдер де үлес қосып жатыр. Мәселен, Алматы облысының фермері, кәсіпкер Юлия Барсукова небәрі 19 жасында қаланың қызылды-жасылды қызықтарын тастап, Алматыдан ауылға көшкен. Бастапқыда тәжірибе ретінде алып баққан оның аздаған бройлер балапандарын бірден көршілері мен таныстары сатып алады. Бұдан кейін жас кәсіпкер өз ісіне бар жан-тәнімен кірісіп, тауық етінен дайындалған өнімдерін ыстап, дайын өнім ретінде жәрмеңкелерге шығарады. Тұтынушылармен бірге отырып дәм татып, олардың пікірін тыңдап, көкейіне түйеді. Кейін ол өнеркәсіптік құс шаруашылығын терең зерттеп, кәсібін жаңа деңгейге көтереді. Қасына көпбалалы аналарды жинап, үйретті, қолдады, шабыт берді. 2017 жылы «Сауда үздігі» байқауында бірінші орын иеленіп, Экономика министрінің Алғысхатына ие болды. Қазір Ю.Барсукованың 13 га жерді алып жатқан өз шаруашылығы, серіктестері бар. Әйелдерден құралған кооператив жұмыс істейді. Мұның бәріне ол гранттар мен субсидиясыз, тек өз еңбегімен жеткен. Юлия бүгінде құс шаруашылығы бойынша кеңес беріп, бизнес-жоспар құруға көмектеседі, жаңа бастаған кәсіпкерлерге бағыт-бағдар береді.

Ауылдың жаңа тарихын жазып жүрген Айжан Каркенова да ауылдан көшпеді, керісінше ауылға жан бітіретін жобаларды қолға алды. Ауыл мектебінде бір ғана оқушы қалғанда «мектеп жабылып қалмасын» деген оймен күйеуі екеуі ауылдағы бос қалған үйлерді сатып алып, жөндеп, тұрмысқа лайықтап, сол үйлерге сырттан 15 баласы бар 5 көпбалалы ананы орналастырған. Осылайша, ел ішінде бұрын-соңды болмаған «Сен жалғыз емессің!» деп аталатын алғашқы ауылдық дағдарыс орталығын ашқан. Бұл орталық жай ғана баспана емес, үміт ұясына айналып, мұнда келген аналар жаңа өмір бастаған. Бірі жер жыртып, картоп ексе, енді бірі құс пен қоян өсіруге кіріскен. Бір ананың 5 қап картоп егіп, күзде 80 қап өнім алуы еңбектің жемісі ғана емес, сенім мен үміттің жеңісі еді. Балалар да аналарымен бірге еңбекке араласқан. Осылайша, ауылға балалардың риясыз күлкісі, тіршілік қайта оралған.

Мұндай әйелдердің миссиясы – дәстүрді сақтай отырып, экономиканы қозғау, үмітті ояту, болашақты қалыптастыру. Цифрлық дәуірде де, заманауи экономикада да бұл әйелдердің орны ерекше. Ауылдық жерде тұңғыш рет өткізілген форумда әйелдер осыны дәлелдеді.