Бұл нәтиже денсаулық сақтау жүйесін нығайтудағы маңызды жетістік ретінде аталып өтті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан 2025 жылға қарай жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлімді 25%-ға төмендету бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізген Орталық Азиядағы бірінші ел және ДДҰ Еуропалық өңірінің он елінің бірі болып танылды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Бұл нәтижені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтудағы маңызды жетістік ретінде атап өтті.

«Жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасы және емдеу бойынша кешенді шараларды іске асыру өлімді төмендетуге үлкен үлес қосты. Елімізде шұғыл көмек көрсетудің заманауи инфрақұрылымы құрылды – 2017 жылдан бастап 2024 жылға дейін 85 инсульт орталығы ашылды, бұл инсульттан кейінгі өлім мен мүгедектік көрсеткіштерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді», — деп жазылған хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2025 жылдың 9 айында Қазақстанның инсульт орталықтарында 39 447 пациент емделді.

Стационарлық өлім 11,3%-ды құрады, бұл соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Ишемиялық инсульт кезінде жүргізілген тромболиздің үлесі 6%-ға жетті — 2025 жылы тромболитикалық терапияның 1872 емшарасы орындалды.