«Жомарт жан» орталығы жыл басынан бері 300 млн теңгеден астам қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған.

Бұл туралы бүгін елордада өткен ұйымның қорытынды отырысында айтылды. Орталық биыл 476 жобаны жүзеге асырған. Олардың дені әлеуметтік осал топтан шыққан отандастарымызға көмектесуге бағытталған. Мәселен «Мектепке жол» акциясы аясында белсенділер мұқтаж жанұялардың балаларын оқу жылына дайындады. Сонымен қатар ауылдағы білім ордаларын қолдауға да баса көңіл бөліп отыр. Мәселен былтыр бірнеше мектепке интерактив тақталары сатып алынды.

Евгений Больгерт, «Жомарт жан» республикалық орталығының төрағасы:

- Орталық тек бір баланың ғана жағдайын жасамайды. Осы мектепке келетін барша оқушыға жаңа технологиялардың игілігін көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз қоғамдық бірлестіктердің жұмысына қолдау білдіреміз. Ассамблеяда Аналар кеңесі, этномедиация орталығы сияқты ұйымдар бар. Бұл еліміздегі бірлікті арттыруға көмектеседі.