Алматыда "Елге көмек" қорының басшысына қатысты сот жалғасуда.

Сот процесінде айыпталушы әрі Сәриевтің серіктесі Ақтоты Дүйсеева ел естімеген ақпараттарды айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ілияс Сәриев – әлеуметтік желіде 600 мыңнан аса жазылушысы бар блогер әрі "қайырымдылық жасаушы". Ол бейнежазбаларында үнемі ауыр науқастарға көмек үшін ақша жинайтын.

Айта кетейік, Сәриев пен Дүйсеева Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлімі, 4-тармағы бойынша ("Қайталанып жасалған алаяқтық") айыпталып отыр.

Ақтоты Дүйсееваның айтуынша, ол өзін "қазақтың Робин Гуды" санайтын блогермен 2018 жылдан бері достық әрі серіктестік қатынаста болған, MM Travel компаниясын 2023 жылы бірге құрыпты.

– Ол компанияның директоры болды. Бұл біздің ортақ бизнесіміз еді. Екі жылда шамамен екі мың адамды қажылыққа аттандырдық.

Мәселе Сәриев кассадан көп мөлшерде ақша алып, оны қайтармағаннан соң басталды. Соның кесірінен кассалық тапшылық пайда болды. Бір топ туристің шығынын екінші топтың ақшасымен жауып отырдым, бірақ соңғы айларда (ұсталғанға дейінгі айлар) жағдай ушығып кетті, – деді ол.

Айыпталушы серіктесінің құмар ойнағанын да ашық айтты.

– Бізде есепші болған жоқ, әр туристен бар болғаны 25-30 мың теңге табыс түсетін. 2024 жылы төлемдерден байқадым, ол ақшаны құмар ойындарға жұмсай бастаған, сол кезде кассалық тапшылық пайда болды. Оған дейін де құмар ойнағанын білетінмін, ол тоқтай алмаған сияқты, – деді Ақтоты Дүйсеева.

Айта кетейік, Ілияс Сәриев те, Ақоты Дүйсеева да бет-бейнесін БАҚ-та көрсетпеуді сұраған еді.