Пәкістан мен Ауғанстан Дохада өткен келіссөздер барысында оқ атуды дереу тоқтату жөнінде уағдаласты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қатар Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

"Келіссөздер кезінде екі тарап оқ атуды дереу тоқтату және екі ел арасында берік бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған тетіктер құруға келісті", — делінген Қатар СІМ-нің Х әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.

Тараптар сондай-ақ жақын күндері кездесулер өткізіп, оқ атпау режимінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және оның орындалуын тексеру жөнінде келісімге келді. Қатардың сыртқы саяси ведомствосы бұл маңызды қадам екі ел арасындағы шекарадағы шиеленісті төмендетуге және өңірде тұрақты бейбітшілікке берік негіз қалауға көмектесетініне үміт білдірді.

Келіссөз сенбіде Дохада Қатар мен Түркияның арағайындық етуімен өтті.

Еске салайық, 15 қазанда Пәкістан мен Ауғанстан 48 сағатқа уақытша бейбіт келісімге келген еді. Кейін бұл "тыныштық режимі" Қатардағы келіссөздер аяқталғанға дейін ұзартылғаны хабарланды.

9 қазанда Ауғанстан астанасында жарылыстар болып, одан кейін ауған билігі Пәкістанды Марга мен Кабулдағы жарылыстарды ұйымдастырды деп айыптады. 11 қазанда Пәкістанмен шекаралас Пактия провинциясында екі елдің шекара әскерлері арасында қарқынды ұрыстар болды.

Ауған тарапы бұл қақтығыстарда Пәкістанның 58 әскери қызметкері қаза тауып, тағы 30-ы жараланғанын, сондай-ақ біршама қару-жарақ пен техника ауған шекарашыларының қолына өткенін мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget