Бұл туралы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы хабарлады.


Ауғанстанға жаңа апат төніп тұр. Осы қыста 17 миллионнан астам адам аштықтан қаза табуы мүмкін. Себебі, көптеген отбасы бірнеше күн бойы ас-ауқатсыз отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.

– Біздің топтарымыз отбасылардың бірнеше күн бойы тамақ ішпей, аман қалу үшін ең шектен шыққан шараларға барып жатқанын көріп отыр. […] Балалар арасындағы өлім-жітім артып келеді, ал алдағы айларда жағдай одан әрі ушығуы мүмкін, – деді ДАБ-тың Ауғанстандағы директоры Джон Эйлифф.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мәліметінше, ел экономикалық дағдарыстан, сондай-ақ қуаңшылық пен жер сілкіністерінің салдарынан қатты зардап шегіп отыр. Азық-түлік бұрыннан тапшы болса, енді оған көршілес елдерден ауған азаматтарының жаппай депортациялануы салдарынан миллиондаған босқынның оралуы қосылды. Олардың көпшілігі әбден әлсіреген және ештеңесіз қалған. Алайда гуманитарлық көмек көлемі артып жатқан жоқ, керісінше қысқарып барады.

– Ауғанстандағы дағдарысты қайтадан қоғамдық назардың ортасына шығаруымыз қажет, сонда ең осал ауған азаматтары өздеріне лайықты назар мен көмекті ала алады, – деп ДАБ директоры Джон Эйлифф халықаралық қауымдастыққа үндеу тастады.