Пәкістанның арнайы соты елдің бұрынғы премьер-министрі, PTI партиясының негізін қалаушы Имран Хан мен жұбайы Бушра Бибиді тағы бір қылмыстық іс бойынша 17 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс 2021 жылғы мамыр айында ресми сапар кезінде Сауд Арабиясының тақ мұрагері Имран Ханға сыйға тартқан Bulgari брендінің қымбат зергерлік бұйымдар жиынтығына байланысты қозғалған. Сот процесі барысында айыптау тарапы экс-премьердің зергерлік бұйымды мемлекетке тапсырмай, өзінде қалдырғанын, ол үшін небәрі 2,9 млн пәкістан рупиясын (шамамен 10 350 АҚШ доллары) төлегенін алға тартты. Ал зергерлік жиынтықтың нарықтағы құны шамамен 80 млн рупияға (285 500 АҚШ доллары) бағаланады.
Үкім Равалпинди қаласындағы Адиала түрмесінде өткен көшпелі сот отырысында Орталық соттың арнайы судьясы Шахрух Арджуманд тарапынан шығарылды. Қазіргі уақытта Имран Хан осы түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Сот шешімімен Имран Хан мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық қылмыстары мен сенімді теріс пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы баптар бойынша оның жұбайы Бушра Биби де 17 жылға сотталды.
Сонымен қатар, екеуіне де 16,4 млн рупия (шамамен 58 500 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынды. Заңнамаға сәйкес, айыппұл төленбеген жағдайда қосымша түрме жазасы қарастырылған.
Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарардың айтуынша, бұл іс бойынша тағайындалған жаза Имран Ханның бұрынғы үкімінің мерзімі аяқталғаннан кейін есептеле бастайды. Айта кетейік, 2025 жылғы қаңтарда ол 190 млн фунт стерлингке қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 14 жылға сотталған болатын. Аталған іс аясында оның жұбайы да жеті жылға бас бостандығынан айырылған.
Бұдан бөлек, Имран Ханға 2023 жылғы 9 мамырдағы жаппай наразылықтарға байланысты терроризмге қарсы заң аясында тағы бір сот процесі өтуі мүмкін.
Айыпталушылар барлық тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды қолдан жасалған әрі саяси астары бар деп атады. PTI партиясы сот үкімін қатаң сынға алып, оны «конституцияға қайшы», «заңсыз» және «саяси кек алудың ең сорақы көрінісі» деп бағалады.
73 жастағы Имран Хан 2018 жылдан 2022 жылға дейін Пәкістанның премьер-министрі қызметін атқарған.