Австралиялық стартап ұшақтардың жанармай шығыны мен қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтатын технология ойлап тапты, деп хабарлайды 24kz.

Келешекте оны тіпті кемелерде қолдану жағы қарастырылып жатыр. Тың технологияның тағы қандай артықшылықтары бар?

Әйгерім Асылхан, тілші:

- Австралиялық компания мамандары тапқан технология ұшақтың сыртына қолданылады. Әуе көлігінің ауа ағыны өтетін жерлеріне арнайы материал жабыстырылады. Сонда ұшу кезінде ауа кедергісін азайтып, жанармай шығынын қысқартады. Бұл қоршаған ортаға зиянды заттар аз бөлінеді деген сөз. Инженерлер технологияны жасауда акуланың терісін негізге алған. Ол гидродинамикалық әсерге ие. Жыртқышқа судың кедергісін азайтып, жылдамдығын арттыруға көмектеседі. Ұшақтың қаптамасы да осы қағида бойынша жұмыс істейді.

Ребекка Лодин, Microtau компаниясының инженерлік бөлімінің басшысы:

- Біз әр ұшақтың моделіне қарай жоспар құрамыз. Өйткені ауа ағыны әртүрлі жермен өтуі мүмкін. Қаптаманы сол тұстарға жабыстырамыз. Қазірдің өзінде технология арқасында ұшақтарда жанармайды тұтыну тиімділігі 4%-ке артқанын көріп отырмыз. Бұл өте жақсы нәтиже.

Инженерлердің айтуынша, тың технологияның қоршаған ортаға пайдасы зор. Себебі, авиация – ауаны ластаушы саланың бірі. 2023 жылы ауаға бөлінген көмірқышқыл газының 2,5%-і осы сектордың үлесіне тиесілі болған. Сондықтан экологиядан бөлек, экономикалық тиімділігі де зор екенін түсінген шетелдік компаниялардан қазір сұраныс артқан.

Ребекка Лодин, Microtau компаниясының инженерлік бөлімінің басшысы:

- Жақында Испанияның «Буэлин» әуе компаниясымен келісімшартқа отырдық. Олар ұшақтарында біздің технологияны қолданған алғашқы еуропалық тасымалдаушы болғалы тұр. Келешекте өніміміздің тиімділігін 4%-тен 5%-ке дейін арттыруға ниеттіміз. Өндірісті кеңейту де жоспарда бар.

«Мұнымен тоқтап қалмаймыз», - дейді австралиялық компания. Келешекте технологияны кемелерге қолдану жоспары барын айтады. Мұнда да қаптама судың кедергісін азайтып, жанармай шығынын қысқартуға көмектесуі тиіс.

Авторы: Әйгерім Асылхан