Жасанды интеллект технологиялары мен дата-орталықтарға салынған инвестициялар компанияның өсіміне серпін берді.
Google компаниясы 2018 жылдан бері алғаш рет әлемдегі ең қымбат әрі ең ықпалды брендтер рейтингінде бірінші орынға шықты. Соңғы төрт жыл бойы көшбасшылықты Apple компаниясы сақтап келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Kantar BrandZ рейтингінің мәліметінше, Google брендінің құны бір жыл ішінде 57%-ға өсіп, 1,5 триллион долларға жеткен. Сарапшылар мұндай өсімді жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуымен және дата-орталықтар инфрақұрылымына салынған инвестициялармен байланыстырады.
Ал Apple компаниясының бренд құны бір жылда 6%-ға артып, 1,4 триллион долларды құрады. Компания 2022–2025 жылдар аралығында рейтингте көш бастап тұрған. Сонымен қатар 2015 жылға дейін қатарынан жеті жыл бойы бірінші орынды иеленген еді.
Рейтингте Anthropic компаниясы да ерекше назар аудартты. Компания алғаш рет әлемдегі үздік 100 брендтің қатарына еніп, 96,6 миллиард долларлық көрсеткішпен 27-орынға тұрақтады.
Ал OpenAI барлық компаниялар арасындағы ең жоғары өсімді көрсетті. Компанияның бренд құны бір жылда 285%-ға артқан. Kantar сарапшылары мұндай жоғары өсім соңғы рет 2008 жылы BlackBerry компаниясында тіркелгенін атап өтті.
Сондай-ақ Kantar BrandZ рейтингіне енген барлық компаниялардың жиынтық құны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға өсіп, рекордтық 13,1 триллион долларға жеткен.