Оның президенті болып үндістандық Хариш Тияги сайланды.

Түркістанда Qazaq Kuresi қауымдастығы атқарушы комитетінің отырысында Қазақ күресінің азиялық қауымдастығы құрылды, деп хабарлады қауымдастықтың баспасөз қызметі.

Оның мақсаты – Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерациялардың жұмысын үйлестіру, бірыңғай жарыс күнтізбесін бекіту және спортшылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз ету.

Жаңадан құрылған қауымдастықтың президенті болып Хариш Тияги, ал бас хатшысы қызметіне Парвин Тияги сайланды.

"Қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу – бұл ұлттық идеологияның жеңісі болмақ. Бүгінде қазақ күресі 40-тан астам елде дамып келеді, ал Азия аймағында 15 ел ресми түрде ұлттық федерацияларын тіркеген. Біздің міндетіміз – осы кеңістікте бірлесіп әрекет етіп, ортақ мақсатқа жету. Сол үшін Азия деңгейіндегі біртұтас басқару жүйесін құру аса маңызды", – деді Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов.

Оның айтуынша, қауымдастықтың бастамасымен 11 Әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа және 2 Африка чемпионаты сәтті ұйымдастырылған. Сонымен қатар төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған бірыңғай аттестациялау мен біліктілікті арттыру жүйесі енгізілді.

Шара барысында қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу мәселесі де талқыланды. Олимпиадалық Кеңестің (OCA) талабына сай қазақ күресі Азияның кемінде 25 елінде дамып, 12 мемлекет қазақ күресінің чемпионаттарына тұрақты қатысулары қажет. Сондай-ақ, допингке қарсы саясат, гендерлік теңдік және бірыңғай төрелік жүйе болуы міндет.

Дамир Бекбосыновтың айтуынша, бүгінгі таңда қазақ күресі бұл талаптардың басым бөлігін орындап отыр. Яғни, қазақ күресі Азияның 15-тен астам елінде тұрақты дамуда, төрешілер UWW жүйесімен лицензиялануда, ал қазақ күресінің жаңартылған Ережесі халықаралық стандарттарға сай.


Оқи отырыңыз:

  • Астананың 28 мектебінде қазақ күресі пән ретінде оқытылады
  • Абаев: Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіледі