Бүгін Қазақстан кинологтар одағының мүшелері Хельсинкиде өтетін WDS 2025 Дүниежүзілік ит көрмесіне еліміздің әр аймағынан іріктелген 8 тазыны алып, жолға шықты , деп жазады Egemen.kz.
Жыл сайын осы көрмеге 100 елдің өкілдері жалпы саны 25 000-нан астам ит алып келеді. Бәсеке жоғары. Көрмеге баратын ең үздік деген тазылардың ішінде Семейден келген Сұлтан Асылбекұлының Сарығыз(құжаттағы атауы «пана») атты тазысы бар.
– Сарығыз күшік кезінен көрмеде чемпион болды. Содан бері үш мәрте ең үздік тазы атанды. Жалпы, көрмелерде тазының дене тұрқы, аяқтарының дұрыс бітуі, құлағы, басының көлемі бәрі-бәрі стандартқа сай болуы керек. Сарығыз тек көрмелерге қатыспайды, ауылда аңға ертеміз. Әсіресе, күзде аңшылық қызады. Сырт көзге момын, әлжуаз, үркек болып көрінетін тазыларыңызды сол күн танымай қаласыз. Тазыларымыздың қоян, борсық, түлкі алғанына қарап тәнті боламыз. Екі тазы қатар шықса, жемтігін қос қапталдан ықсырып барып уысқа түсіреді. Жалғыз шықса да солай, жемтігін аңдып, шап беріп ұстайды. Аң аулаудың әдіс-тәсілін жақсы меңгерген. Сарығыз көрмеге алып шығатын адаммен бірер сағат дайындаса, көптің ортасында қаймықпай, еркін жүреді. Көрмеде де осы қарқыннан танбайды деп ойлаймын,–дейді С. Асылбекұлы.
Көрмеге баратын тазылар Қазақстан кинологтар одағының ішкі іріктеу комиссиясының шешімімен анықталған. Ішінде осалы жоқ, бәрі стандарқа сай. Олардың қатарында «панадан» бөлек, Астана, Алматы, Өскеменнен жеткізілген «тамерлан», «сакура», «лашын», «ару», «көксерек», «алтын» атты тазылар бар. Осылардың қай-қайсысы да бірнеше жарыста топ жарған, үздік екенін дәлелдеген тазылар.