Әр ведомство ең үздік шығармашылық нөмірлерін ұсынды.
Оған Қазақстанның барлық күштік құрылымдарының өкілдері қатысты. Бас алаңда қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қару-жарақ пен әскери техника көрмесі ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараның ашылуында күштік құрылымдардың тулары шығарылып, біріккен оркестр мемлекеттік әнұранды орындады. Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің көрсетілімі, салтанатты есептоптардың сап түзеуі және құрмет қарауылы ротасының дефилесі көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Мемлекеттік күзет қызметінің өнерпаздары Құрмет қарауылы ротасының сүйемелдеуімен "Елім деп соқсын жүрегің" композициясы мен "Алаш ұлы" әнін шырқады.
Қорғаныс министрлігі Құрмет қарауылы ротасының қатысуымен бірқатар нөмірлер ұсынды. Қазақстандық жауынгерлердің батылдығын дәріптейтін "Қайсар армия" және "Батырлар" композициялары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
"Маған әскери қызметшілердің өнері қатты әсер етті. Бұл жай ғана концерт емес, нағыз бірліктің мерекесі екен. Қазақстан халқына ашық аспан мен өркендеу тілеймін", — деп атап өтті Ресейдің Северск қаласынан келген қонақ Владимир Томилов.
Ұлттық ұлан көрермендерді "Ер жүрек қазақ" және "Өз елім" патриоттық туындыларымен, сондай-ақ динамикалық хореографиялық қойылымдармен қуантты.
ҰҚК Шекара қызметі ел шекарасын қорғаудың маңыздылығын және әскери дәстүрлердің сабақтастығын көрсетіп, "Ұлтымыздың кауіпсіз қорғаны" және "Ерліктің жыры Бауыржан" композицияларын ұсынды.
"Мен запастағы полковникпін. Мұнда екі немереммен келдім. Оларға әскери техника мен қару-жарақ көрмесі ұнады. Мұндай іс-шаралар еліміз бен оның қорғаушылары үшін мақтаныш сезімін тудырады. Бұл мерекелік іс-шараның артында қандай үлкен жұмыс тұрғанын көруге болады", — деді елорда тұрғыны Мұхит Әбішев.
Плац-концерт әскери қызметке, ұйымшылдық пен патриотизмге деген құрмет символына айналды. Күштік құрылымдардың әскери ұжымдары саптық дайындықтың жоғары деңгейін, үйлесімділік пен шығармашылық шеберлікті көрсетті. Іс-шара әскери дәстүрлердің сабақтастығын, Қазақстан халқының рухы мен бірлігін тағы бір паш етті.