Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан балаларды толық емдейтін оңалту орталықтары жоқ. Химиотерапиядан кейін жүріп-тұра алмай қалған науқастарға емдік жаттығу жасатып, көмек беретін мамандар да тапшы.

Төрт баланың анасы Балғаным Әліпованың үлкен ұлынан екі жыл бұрын қатерлі ісік анықталған. Ауыр ота жасалғаннан кейін 14 жастағы жасөспірім жүріп-тұра алмай қалған. Балғаным ұлын емдеу үшін өздері тұратын Атыраудағы ауруханалардан көмек іздегенін айтады. Облыстан оңалту орталығын таппаған ана он бес күн сайын мыңдаған шақырым Астанаға әкелуге мәжбүр.

Балғаным Әліпова, Атырау қаласының тұрғыны:

Менің балам мысалы қазір дұрыс жүре алмайды, дұрыс сөйлей алмайды, соған ондай орталықтар бізде жоқ. Атыраудан таба алмадым мен дейтін. Сол үшін біз Астанаға келеміз. 2 жыл болды жұмыс та жасамаймыз. Тек 15 күн үйде боламыз, 15 күн мында келеміз.

Балғанымның ұлы секілді ауыр отадан, ондаған химиялық емнен өткен балаларға қайта жүріп-тұруы үшін ұзақ мерзімді оңалту керек. Елімізде жыл сайын алты жүзден аса баладан қатерлі ісік анықталады. Олардың жетпіс пайызы алғашқы бес жылда ремиссияға жетіп, жазыла бастайды. Психологиялық көмектің де маңызы зор.

Ләйлә Түсіпбай, онкопсихолог:

Ата-ана мен балаларда «Енді мен не істеймін?», «Кімнен көмек аламын?» деген сұрақ туындайды. Егер біреу басынан ұрып қалады немесе иммунитеттің аздығынан бұл бала қайтадан ауруға шалдығады деп айтады ата аналар. Өзінің қорқынышына байланысты мектепке жіберуден қалады.

Жанел Нұрболат, тілші:

Бала толық айығып кетуі үшін онкологиядан кейін үш оңалту кезеңінен өтуі керек. Біріншісі – 72 сағаттық жедел кезең. Мұны операциядан кейінгі алғашқы көмек деуге болады. Ал оңалтудың келесі сатысы жарты жыл бойы емдік жаттығу жасау мен психологиялық көмек. Аса ауыр жағдайдағы балаларды әбден аяққа тұрғызғанша жалғасатын үшінші кезең – халықаралық талап. Алайда Қазақстанда балаларды онкологиядан кейінгі оңалту тек бастапқыда ғана, яғни небәрі 72 сағат көрсетіледі.

Айгүл Қалиева, онколог:

Оңалтудан дер кезінде өтпеген бала өмір бойы жүре алмай қалуы мүмкін. Қатерлі ісік сүйекті әбден кеміріп тастайды. Сондықтан жасанды буын, яғни протез салуға тура келеді. Ал мұндай ауыр операциядан кейін бала міндетті түрде реабилитологтың көмегімен емдік жаттығуларды тұрақты түрде жасау керек.

Балаларды онкологиядан кейінгі оңалту жайында Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдадық. Ведомство өкілдері мәселе жуырда толық шешіледі деп отыр.

Майра Бейсен, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басқарма басшысы:

Иә, дәл бүгінгі таңда онкореабилитация бойынша медициналық оңалту көмегін көрсетуге байланысты нақты бекітілген клиникалық протокол жоқ. Бір айдың көлемі шеберінде осы біздегі қолданыстағы стандартқа оңалту еміне қатысты өзгертулер енгізілетін болады. Тиісті өзгертулер енгізілген сәттен бастап, біздің онкологиялық ауруға шалдыққан бүлдіршіндеріміз толыққанды медициналық оңалту емін ала алатын болады.

Министрлік онкологиядан кейін балаларды оңалту бойынша кешенді құжат келер жылы қабылданатынын да жеткізді. Айтуларынша, бұл мамандарды даярлап, саладағы барлық түйіткілді реттейді.

Жанел Нұрболат